Live

Бозымұлы Сары би туралы кітап – ғылыми журналистика мен журналистік айғақтама туындысы

Жақында «Бозымұлы Сары би» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жөнінде кітап авторы – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, ғалым-журналист Сағатбек Медеубекұлымен сырласқан едік...

Сағатбек Медеубекұлы

ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияда сіздің «Бозымұлы Сары би» атты кітабыңыздың тұсауы кесілді. Кітапқа арқау болған Бозымұлы Сары би туралы білсек?

Бозымұлы Сары санасы кеңестік идеологиямен құрсалмаған көшелі қариялардан жеткен аңыздар бойынша ел мен жерді қорғауға қатысып, ерлік көрсеткен батыр, дау-дамайды әділ шешкен би-шешен және елші де болыпты...

Ол жоңғардың Ағанас деген батырын жекпе-жекте жер қаптырыпты. Ел аңыздарында Райымбек батыр да Ағанас деген батырды жекпе-жекте өлтіреді ғой.

ХХ ғасырдың басында өткен Әжек, Рыскелді секілді ақындар да Бозымұлы Сарының Ағанас дегенді өлтіргені туралы айтады.Демек, бұл Ағанасты арғы Бозымұлы Сарының тұсындағы Ағанас деп ал, Райымбектің өлтіргені бергі заманның Ағанасы деп қабылдау керек. Әйгілі адамның есімін кейінгілердің де өз баласына ырымдап қоятыны – әр елдің салтында бар ғұрып. Сондықтан адам есімі әр заманда қайталана беретініне, мысалы, бірнеше Абылайдың, бірнеше Қабанбайдың есімі ел тарихында болатыны секілді «Ағанас» деген есімнің де әр дәуірде болуына күмәнмен қарамау керек. Арғы заманда Бозымұлы Сары бидің жебесінен өлген Ағанасты «өмірде болмаған» деп ешкім айта алмайтыны секілді, бергі Райымбек заманындағы Ағанасты да бірде-бір ынсан жоққа шығара алмайды. Қазақ батырлары «ата жауы – Ағанасты өлтірді» дегеннің де тасқа басылған ресми құжаты жоқ. Елдің жадында ғана бар. Бәлки, ол Ағанас емес басқа бір батыр болуы да мүмкін. Бірақ халық жадында ол Ағанас деген атпен сақталған. Мысалы, қазақта сараңдардың типтік атауы «Шығайбай» бола беретіні секілді. Демек, «Ағанас» деген атты елдің жадында ұрпақтан-ұрпаққа ауызша ауысып отырған ата жаудың типтік есіміне айналған деп те қабылдаған жөн.

Жұрттың көбі сіздің кітабыңыз шыққаннан кейін ғана Бозымұлы Сары би туралы біліп жатқандай...

Бұл сөзіңе келісе алмаймын. Өз басым бұрын ара-тұра жазғандарымның арасында айтып жүрдім. Алысқа бармай-ақ, осыдан тоғыз я он ай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Оқан ата» деген әңгімем жарияланған. Онда Бозымұлы Сары батырдың Ағанасты қалай өлтіргені, Тәуке ханның қалай сынағаны және сол сыннан мүдірмей өткеннен кейін Албан тайпасына төбе би ғып тағайындағаны туралы айтылады. Ол, әрине, Оқан қарияның ауызша айтқан әңгімесі бойынша жазылған. Сол аңыз-әңгімеге қызыққандар аудионұсқа жасап, YоuTube-арнасына салыпты. Оны екі жарым мыңнан астам адам естіпті. Ол әңгіме «Шалқар» радиосынан да оқылды. Бозымұлы Сары би туралы «Тәуке ханның елшісі» деген зерттегі «Ана тілі» газетінде жарияланған. Одан бұрын Бозымұлы Сары би жөнінде облыстық газетте де, «Мұқағали» журналында да жарық көрген. Демек, кітап шыққанға дейін халық Бозымұлы Сары би туралы естіді, білді. «Жас Алаштың» «айтайын дегеніміз бұл емес» деген ойнақы тіркесі болушы еді, соған ұқсатып айтсам, сенің білейін дегенің бұл емес, білейін дегенің – «сізге дейін жарияланды ма, жарияланбады ма» деген сұраққа жауап қой. Айтайын. Маған дейінгі сөз ұстағандардың біреуі болмаса, біреуі іздер, табар, жариялар деп те күттім. Бірақ олай болмады. Оның басты себебі мынада: коммунистер билерді, байларды, хандарды, ханның айналасында болғандарды тарихтан мүлдем өшіріп тастауға көшті, істерін айтпақ түгілі, аттарын ататпай тастады, атаса да олар туралы жаман пікір таратып, елге жиіркенішті етіп көрсетуге тырысты. Сондай мазақ үшін айтылған қауесеттерді Бозымұлы Сарының да атына байланысты таратқан. Сол қыңыр-қисық сөздер бірінші орынға шыққан заманда оның игі істерін білгендер жалпы жұртқа жария ғып айта алмады, білмейтіндер естіген құлаққа жағымсыз ойдан шығарылған әжуаларды айтуға ұялмады. Сары би туралы жекелеген қарттар сенген адамына айтпаса, санасы коммунистік идеологиямен уланғандар айтпайтын.

Бозымұлы Сары би

Бозымұлы Сары би туралы шындықтардың тасада қалып қоюының тағы бір себебі – кеңес өкіметінде үстемдік еткен коммунистік саясаттың Қытаймен шекаралас аудандарға аса сақтықпен әрі күмәнмен қарап, оларға қатысты шын тарихтарға қасақана мән бермегендігінде. Ешкімге жасырын емес, сонау 1916 жылғы қырғында, одан кейінгі кәмпеске жылдарында босып кеткен халықтың көбі атажұртына 1956-1962 жылдары оралған болатын. Екі елдің арасындағы саяси салқындық әлгі Отанына оралғандарға да өз әсерін қатты тигізді. Сол әсердің бір көрінісі – Батыс Қазақстанға, Орталық Қазақстанға, Солтүстік Қазақстанға, Оңтүстік Қазақстанға шыққан ғылыми экспедициялар Шығыс Қазақстанның және Алматы облысының шекаралық аудандарына, соның ішінде осы Алматының іргесінде тұрған Хантәңірі мен Қарқара аймағына да бармаған. Бармаған соң халық мұраларының небір үлгілері дер кезінде жазып алынбаған күйі білетіндермен бірге келмеске кете берген. Жетісуда бірде-бір күйші жоқтай және Кенен мен Қалқа, Дәнештен басқа әнші болмағандай, бұл аймақтағы күй мен әнге толуға тиіс қоржындар бос қалды. Сол сияқты, небір билер, батырлар, шешендер туралы білетіндердің көбінің көзі тірі кезінде бұл жаққа ғалымдар ат ізін салып бармаған соң жазылмады, жарияланбады.

Таптық күрес жауынгерлері орнықтырып кеткен ұғымдар мен сенімдер кеңестік-коммунистік дәуірде атойлап тұрды. Сол атойлаған солақай түсініктерден арылмаған күйі Тәуелсіздікке жетсек те, соның сарқыншағы санамыздан толық кете қоймаған болмысымызбен бүгінгі қоғамда өмір сүріп келеміз. Журналистік қызметке кіріскеннен бастап Хантәңірі аймағындағы күйшілерді, әншілерді, ақындарды іздеп жүргенімде Бозымұлы Сары би туралы естігендерімді де жадыма жинай бердім. Шетінен жария қылсам, есімімен бір рулы ел аталатын тарихи тұлға туралы «ақсақал айтты», «қарт айтты» дегеннің бәрі аңыз күйінде жетіп, Бозымұлы Сары бидің толық бейнесі ашылмай қалар еді. Жариялауға асықпадым. Өйткені қазақта Сары есімді батыр да, шешен де, би де бар екен. Менің естігендерім солардың іс-әрекеттерімен, айтқандарымен бірдей болып қалмасын деп, оларды да білуге көңіл бөлдім. Осыдан он шақты жыл бұрын Бөрібай батыр туралы кітаптан оның әкесі Сары да Тәуке ханның «елшісі болыпты-мыс» дегенді оқып қалғанмын. Оны да індетіп көруге тура келді. Мұның бәрі уақытты қажет етті. Тапқан деректерімді салғастырып, естіген аңыз-әңгімелерімді елеп, екшеп алғанша талай түндер мен күндер артта қалды...

Сонда қазақта сіз білген Сары есімді тұлғалар кімдер екен?

– Ұлы жүзде ғана емес, қазақ даласының басқа өңірлерінде өмір сүрген Сары есімді тұлғалар: Сары Сүйірбасұлы ( ХVI ғасыр) – Қазақ хандығында билік еткен Есім ханның (1565-1628) бас қолбасшысының бірі болған. Орта жүз. Тобықты. Құнанбайдың жетінші атасы, Абайдың сегізінші атасы, Шәкәрімнің тоғызыншы атасы; Сары Қасаболатұлы (1690-1771) – Солтүстік Қазақстан облысының аумағындағы Докучаев ауылының аумағында дүниеге келген. Оны Тәтіқара жырау, Үмбетей жыраулар әйгілі батырлардың қатарында дәріптейді; Сары би Шоңғарұлы (1761-1838) Кіші жүзден шыққан би, шешен. Сырым Датұлы бастаған шаруалар көтерілісіне қатысқан; Сары би Мыңбайұлы (1812-1901). 13 жасында Сары би атаныпты. Оның шын есімі Нұрмағамбет екен; Сары Батақұлы (1863-1895) Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Талдықұм деген жерде туған.

– Тәуке ханның елшілікке жібергені бұл аталған тұлғалар емес, Бозымұлы Сары би екендігіне қандай дәлеліңіз бар?

Тоболға (Тобольскіге) елшілікке барған Сары есімді тұлға бұлардың ішінде жоқ. Өйткені: Сүйірбасұлы Сары Тәуке ханға дейін өмір сүрген; Қасаболатұлы Сары Тәуке ханның елшілері Тоболда жүргенде өмірге келген; Шоңғарұлы Сары – Тәуке ханның заманында жоқ адам; Мыңбайұлы Сары – Тәукеден екі ғасыр кейінгі би; Батақұлы Сары – ХІХ ғасырдың перзенті. Кей зерттеуші Найманның Матай тайпасындағы Сары есімді тұлғаны айтады. Матай шежіресі бойынша бір Сары – Тәуке хан елшілікке жіберген Көлдейдің немересі. Тәуке хан екі ел арасындағы ресми елшілікке (қонаққа емес) атасы мен немересін бірге жібермейді. Кей тарих жанашырлары тілге тиек еткен Найманның Матайынан тарайтын Қаптағай аталығынан шыққан Сары батыр да – тарихта бар тұлға. Қарамылтық Сүлеймен бидің Бөрібай батыр жайында жырлаған шежіре-термесінде бұл Сары батыр Асанның ұлы емес, шөпшегі болып шығады. Кей шежіреде ол Сары Асанның ұлы деп көрсетілген. Демек, бұл – Матай шежіресінің өзінде бірізділік жоқ деген сөз. Мұндай ала-құлалық болған жерде оны нақты дерек ретінде ұсыну мүмкін емес.

Бұған қоса айтарым – Тәуке хан халықты бірлікте ұстау үшін алдымен үш жүздің жол-жоралғы, жөн-жосығын жақсы біліп, оларды басты назарда ұстағандықтан да үш жүзден үш биді таңдап алып, елдің ішкі жағдайын осы билер арқылы басқарған. Мұндай тәртіп орнатқан хан өзінің осы ұстанымынан еш айнымаған. Сондықтан да ішкі жағдайды реттеуде де, сырт мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда да бір ғана жүздің адамдарына емес, үш жүздің де адамдарына бірдей арқа сүйеуді бұзылмас тәртіп ретінде орындаған хан қазақ елінің үш жүзінің ең таңдаулы адамдарын елшілікке жіберіп отырған. Егер елшілікке кейбір тарихқа қызығушылар көрсеткендей, бір ғана Найман тайпасынан жіберсе, ол бүкіл қазақ елінің атынан келген елшілер емес, тек Найман тайпасынан келген елшілер болып есептеледі. Отарлау мақсатын жүзеге асыруды қолға алған Ресей патшалығы қазақ елінің тек бір ғана Найман тайпасынан құралмайтынын, негізінен үш жүзден тұратынын жақсы білген. Осыны ескерген Тәуке хан 1690 жылы бір ғана Найман тайпасының адамдарын емес, Ұлы жүз бен Орта жүзден белгілі де беделді билерді елшілікке жіберген. Бұл саяси салмағы ауыр іске жауапты етіп жолы мен жөні бойынша Ұлы жүздің адамын тағайындаған. Елшілікте Ұлы жүздің адамының болғандығын XVI-XVIII ғғ. Ресей мен Қазақ хандығының арасындағы байланысты зерттеген ғалым В.Я.Басин: «... Тобольскіге тағы бір елшілік жіберілді, оның құрамына Ұлы жүздің билеуші топтарының өкілдері де қосылды, бұл елшіліктің беделін арттыра түсті», – деп дәлелдейді.

Демек, Тобольскіге баратын елшілікке Тәуке хан Ұлы жүздің әйгілі тұлғасы – Бозымұлы Сары биді жібергені анық. Осы елшілік туралы барлық тарихи құжатта Сарының есімі бірінші жазылады. Бұл факт оның жолы үлкен Ұлы жүзден екендігін және елшілікке жауапты адам болғандығын одан сайын дәлелдейді.

Сіз кітабыңызда «мен кәсіби тарихшы емеспін» депсіз...

– Иә, мен кәсіби тарихшы емеспін. Бірақ әр азамат алдымен әулетінің, руының, тайпасының, ұлтының кім екенін білуге, тарихын тануға міндетті. Отбасындағылар әулетін, руын, тайпасын етене танып білсе, бірін-бірі сыйлайтын болады, құрметтеуге көшеді, ынтымағы ұйысады. Әулеттің ынтымағы рудың бірлігіне бастайды, рудың бірлігі тайпаның тұтастығына апарады, тайпаның тұтастығы ұлтты ұйыстырады, бұл – ұлттың бірегейлігін нығайтады. Кешегі отарлаушылар біздің ұлтты осы тұтастығынан айыру әрекеттерін ғасырлар бойы үзіксіз жүргізіп келді. «Бөліп ал да билей бер» деген ұранды жүзеге асыруға тырысты. Бұл ұстанымды кейінгі кеңестік коммунистік басшылық басты назарда ұстады. Сол саясаттың кесірінен біз әулеттік бірліктен, рулық тұтастықтан, ұлттық бірегейліктен ажырап қалуға аз қалдық. Тәуелсіздік алғалы бері ұлттың ішкі бірлігі қайта жандана бастады. Ол бірліктің әр отбасы, әр әулет, әр ру, әр тайпаның ішкі тұтастығынан бастау алғаны баянды болмақ. Менің өз ұлтымның тарихи тұлғасын тануға деген талпынысым осындай қажеттіліктен туған. Бұл – бір жағы. Екінші жағы – мен кәсіби тарихшы болмасам да кәсіби журналистпін. Журналист кез келген ақпаратты жарияламас бұрын ақиқатын анықтап алуға ұмтылады. Бұл ұмтылыс оны сөзсіз іздеуге, зерттеуге бастайды. Менің Бозымұлы Сары би туралы шындықты іздеуім табиғи түрде тарихтың қақпасына алып келді. Осыған орай тағы бір айтарым – әлемдік білім, ғылым алаңында «ғылыми журналистика» деген сала бар. Ол Батыста басталғалы көп болды. Ресейде бұл саланың басында М.Ломоносов тұр. Бізде де бұл сала бар. Бірақ біз оған әлі мән бермей келеміз. Ғылыми журналистика ғылыми жаңалықтарды, ізденіс нәтижелерін қарапайым халықтың санасына ұғымды тілмен жеткізумен айналысады. Ол сонымен қатар ғылым салаларының жетістіктерін сол саланың ғалымдарына да, бұқараға да баспа өнімдері, БАҚ арқылы жеткізу ісімен де айналысады. Қарапайым халыққа ғылымның кез келген саласын ұғынықты да түсінікті тілмен баспасөз және электронды БАҚ күшімен жеткізу арқылы қоғамдық санаға қозғау салу – осы ғылыми журналистиканың басты құзыры. Мен өзімді руханият саласындағы ғылыми журналистиканың кәсіби маманымын деп білемін. Сондықтан да ғылыми ізденістер нәтижесін халыққа түсінікті тілмен жеткізуді жөн көремін. Десем де, кәсіби тарихшылардың пікірі мен үшін аса құнды. Сондықтан да мен кітабымды жарияламас бұрын қазіргі тарихшыларымыздың абызы – академик Мәмбет аға Қойгелдиев, академик Берекет Кәрібаев, академик Зиябек Қабулдинов секілді өз мамандығының «жілігін шағып, майын ішкен» кәсіби мамандарға қолжазбамды жібердім. Олар танысты. Мәмбет Қойгелдиев алғы сөзін жазып берді. Содан соң ғана кітапты басуға жібердім.

– Кітабыңыз екі бөлімнен тұрады екен. Бірінің аты – «зерттегі», екіншісінің аты – «естегі»...

Ұлттық замансөзде қазақ ғылымы жан-жақты зерттеуге сұранып тұрған қызықты да ауқымды бір сала бар. Ол – журналистік айғақтама саласы.

– Орысша айтқанда, «журналистское расследование» ғой...

–Мұны кей әріптесім «айғақты журналистика» деп қолданады екен. Осының өзі бұл саланы зерттеу қажеттілігінің күн тәртібінде тұрғанын көрсетеді. Журналистік айғақтаманың бағыты ұқсас болғанмен, ауқымы одан кең. Өйткені «журналистское расследование» деп аталатын журналистік амалдың түпкі мақсаты – қоғамдық жүйенің кез келген сатысындағы заңға қайшы құпия әрекеттерді әшкерелеу ғана. Иә, қазақтың журналистік айғақтамасы да қоғамға жат, заңға қайшы, жасырын жасалған істерді әшкерелеп, жұртқа жария қылады. Ол жарияланымды «әшкере» деп атаймыз. Сондай-ақ журналист табиғатта бар, бірақ бұқараға әлі белгісіз нысанды, құбылысты іздеп шығады, сол іздеу жолында көрген-білгенін, естігенін және тапқанын хатқа түсіріп, БАҚ-та жария етеді. Оның бұл жарияланымы «іздегі» (іздесте, ізнама) деп аталады. Журналист тарихта елге елеусіз жатқан қажетті де қызықты деректі анықтау үшін зерттеу ісімен айналысады. Тапқанын жария етіп, өз ақиқатына өзі айғақ болады. Журналистің ол жарияланымын «зерттегі» дейміз. Өткен күннің бір шындығы халыққа айтылуы керек сәтте соны көзімен көрген, анық-қанығын білетін адамның есіндегісін жазып алып журналист БАҚ арқылы жұрттың назарына ұсынады. Бұл жария болған журналистік туынды «естегі» делінеді.

Міне, осы ғылыми таным тұрғысына орай мен де өзім зерттеу арқылы ақиқатына үңілген бөлімді «зерттегі» деп, білетіндердің есіндегісін хатқа түсіріп, жария еткен бөлімді «естегі» деп атадым.

– Сіз сөз болып отырған кітабыңызда естегісін айтқан әрбір қарттың шежіресін де суретінің жанына беріп отырыпсыз...

Ол шежіре «тарихи шындыққа сәйкес пе?», – демексің ғой. Шынтуайтында, шежіре – әр қазақтың тегін танытатын генеалогиялық мағлұматтар жинағы. Қазақтың өткен тарихы да, шежіресі де атадан балаға ауызша жетіп отырған. Ауызша айтылғанға сенбейтін адам болмаған қазақта. Жазба мәдениет дәуірлегенде ауызша айтылғандарға күмәнмен қарауды арғысы – патшалық отарлаушы империя, бергісі – кеңестік жүйенің ұлтсыздандыру саясаты жеделдетті. Тегін таныған қазақтың ұлттық рухы оянады. Кеңес өкіметіне отарындағы ұлттардың рухының оянуы керек емес болатын. Керісінше, оған өзге ұлттың әр мүшесінің өз тегін ұмытуы аса қажет еді. Сол саясаттың кесірінен атадан балаға ауызша жеткен халықтық құндылықтардың бәріне сенбестікпен қарау белең алды да, «айтылған сөз – атылған оқ» деп келген қазақ, шежіретануға да селқостық таныта бастады.

Бұл кезге дейінгі шежіретану тарихының басында Бабырдың, Дулатидің, Бейбарыс пен Халдунның, Әбілғазының, Ұлықбектің жазып кеткен шежірелерін, бергі кезеңде Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Нұржан Наушабаевтың, Шәкәрімнің шежірелерін көреміз. Мұхаметжан Тынышпаевтың да бұл істегі еңбегі ерен. Шежіретану Тәуелсіздік алған жылдары қайта жанданды. Бұл игілікті іс қазір де жалғасуда. Мен кітабыма кейінгі жарық көрген шежірелерден дерек алдым. Егер кітаптың мәтінін теру, қалыптау, басу кезінде бірлі-жарым сәйкессіздік кетсе, оны болашақта түзетіп, қайта жариялауға болады.

Сырыңызды ашқаныңызға рақмет!

Сыр ашқан Асылай Сәбитова

Сайт Әкімшілігі