Әлеумет

Қазақстанда 1,5 млн борышкердің шоты бұғатталған: Депутаттар қарызы бар азаматтардың құқығын қорғауды ұсынды

"Ауыл" партиясының фракциясы азаматтардың банк шоттарына шектеу қойылған жағдайда, олардың күнделікті қажеттілігіне жететін қаражатты сақтап қалу тетігін енгізуді ұсынды.

Фото: ашық дереккөз

Депутаттар бұл мәселені Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке жолдаған депутаттық сауалында көтерді.

Олардың айтуынша, бүгінде банк шоттарының бұғатталуы көптеген азамат үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 90 күннен астам уақыт өтелмеген проблемалық кредиттердің көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Ал Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес, атқарушылық іс жүргізу барысында 1,5 миллионнан астам адамның банк шотына тыйым салынған.

Депутаттар азаматтың алған қарызын өтеуі қажет екенін жоққа шығармайды. Алайда шотқа толық шектеу қойылған жағдайда адамның азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу, коммуналдық қызметтер мен жол ақысын төлеу сияқты күнделікті қажеттіліктерін өтеуі қиындайтынын атап өтті.

"Ауыл" фракциясы қолданыстағы заңнамада борышкердің кірісінің кемінде 50 пайызы мен өмір сүруге қажетті ең төменгі қаражаттың сақталуы көзделгенін еске салды. Алайда депутаттардың пікірінше, бұл талап іс жүзінде әрдайым тиімді жұмыс істей бермейді.

Осыған байланысты олар бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда, борышкердің өмір сүруіне қажетті ең аз қаражатты сақтау талабын несие шарттарында міндетті түрде көрсету, оны банктердің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде жүзеге асыру және шот бұғатталған кезде азаматтың негізгі қажеттіліктеріне арналған қаражатты пайдалану тәртібін нақты белгілеу ұсынылды.

Депутаттар бұл бастама азаматтарды қарызды өтеуден босатуды көздемейтінін атап өтті. Негізгі мақсат – берешек өндірілген кезде адамның күнделікті өміріне қажетті ең төменгі қаражатынан толық айырылып қалуына жол бермеу.

Фракция Ұлттық банктен ұсыныстарға қатысты нақты ұстанымын жазбаша түрде беруді сұрады.

Сайт Әкімшілігі