спорт

«Челси» Дастан Сәтпаевты басқа клубқа жалға берді

Қазақстандық футболшы Дастан Сәтпаев Лондонның «Челси» клубынан «Бернлиге» жалға берілді.

Фото: ашық дереккөз

 18 жастағы қазақстандық футболшы жаңа клубында 2026/27 жылғы маусымның соңына дейін өнер көрсетеді.

Сәтпаев «Челсидің» ойыншысы болып қала береді. Оның лондондық клубпен келісімшарты 2033 жылға дейін жасалған. «Челси» жас футболшыға тұрақты ойын тәжірибесін беру мақсатында оны жалға жіберу туралы шешім қабылдаған.

«Бернли» Сәтпаевты клуб тарихындағы Қазақстаннан келген алғашқы футболшы ретінде таныстырды.

«Мұнда келгеніме өте қуаныштымын. Бұл – мансабым үшін тамаша мүмкіндік және өзімді көрсетуге қолайлы клуб», – деді Сәтпаев.

Кейін футболшы жалға берілуіне қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Бұл – бастамасы ғана. Жалға ауысу – мені күшейтетін жаңа тәжірибе. Ең жақсысы әлі алда», – деп жазды ол.

Сәтпаев Англияға аттанғанға дейін «Қайраттың» негізгі құрамында 58 матч өткізіп, 26 гол соққан. Сондай-ақ ол Қазақстан құрамасы тарихындағы ең жас дебютант және гол соққан ең жас футболшы атанды.

Бұған дейін Сәтпаев «Челсидің» Австралия мен Азиядағы маусым алдындағы турына қатысып, төрт кездесуде алаңға шыққан. «Вестерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы ойында гол соқты. «Челси» жалға алу кезеңінде қазақстандық футболшының дамуын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі