Live

Chevron КТК мәселесін шешуге АҚШ пен Қазақстан билігін тартты

Америкалық Chevron мұнай компаниясы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін АҚШ, Қазақстан және Каспий өңіріндегі өзге елдердің билік органдарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Фото: КҚК

Бұл туралы корпорацияның бас директоры Майк Вирт мәлімдеді. 

Оның айтуынша, жобаға қатысушы барлық мемлекеттер мен компаниялар мұнай жеткізілімінің тұрақты болуына мүдделі. Сондықтан Chevron КҚК жұмысының ұзақ уақытқа тоқтап қалу ықтималдығын төмен деп бағалайды.

Майк Вирт қажет болған жағдайда компания мұнайдың бір бөлігін Каспий теңізі немесе теміржол арқылы тасымалдай алатынын айтты. Алайда оның сөзінше, КҚК бұл мұнайды әлемдік нарыққа шығаратын негізгі бағыт болып қала береді.

КҚК – Қазақстан мұнайын экспорттайтын басты маршрут. Елден шетелге шығарылатын мұнайдың 80 пайыздан астамы осы құбыр жүйесі арқылы тасымалданады. Оның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы бар.

Бұған дейін Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалына қызмет көрсететін танкерлерге дрондар шабуыл жасағаннан кейін терминал жұмысы уақытша тоқтатылған болатын. Соның салдарынан экспорт көлемі шектеліп, Қазақстандағы мұнай өндіру де азайды.

31 шілдеде КҚК жұмысы тоқтағаннан кейін Теңіз кен орнының мұнайы Батумиге жеткізіле бастағаны хабарланған еді.

Айта кетейік, Chevron КҚК-ның 15 пайыз акциясына иелік етеді. Сонымен қатар компания Атырау облысындағы Теңіз және Королевское кен орындарын игеретін «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының 50 пайыз үлесіне ие.

Сайт Әкімшілігі