Даулы «Алтын Орда» базарында делдалдарға қарсы шаралар қолға алынды
Алматыдағы әйгілі «Алтын Орда» базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінен пайда көріп отырған делдалдар анықталды. Кейбір жағдайларда сауда үстемесі 203,8 пайызға дейін жеткен.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, тексеру барысында «Алтын Орда» базарындағы 13 кәсіпкерлік субъектінің қызметі зерделенген. Нәтижесінде жеткізу тізбегінен жеті делдал шығарылды.
Сонымен қатар бірқатар ірі жеткізушілердің де заң бұзушылыққа жол бергені белгілі болды. Атап айтқанда, «Омаров» ЖК, «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын төмен бағамен сатып алып, кейін оларды 17 пайыздан 86 пайызға дейінгі үстемемен қайта сатқан.
Тексеру қорытындысы бойынша аталған компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Жыл басынан бері сауда саласында жүздеген заң бұзушылық анықталған. Кейбір жағдайларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қойылған үстеме баға 200 пайыздан асып кеткен.
«Алтын Орда» төңірегіндегі дау
«Алтын Орда» базары Қазақстандағы ең танымал әрі мәселесі көп сауда орындарының бірі саналады. Бірнеше жыл бұрын базар бұрынғы басшылыққа қатысты даулы оқиғалардың ортасында қалған болатын.
Кәсіпкерлер заңсыз алым-салықтар мен жұмыс істеу шарттарының ашық еместігіне шағымданған. Сондай-ақ базардың атауы марқұм Болат Назарбаевпен байланыстырылған активтерге қатысты бірнеше рет аталған.
2022 жылдың ақпанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда» базарында қатаң тәртіп орнатуды тапсырған еді. Мемлекет басшысы ол кезде базарды қылмыстың, заңсыз сауданың және бағаны негізсіз көтерудің ошағы деп атаған болатын.