Әлеумет

Депутаттар қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындарға ру атауын беруге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды

Бұл туралы Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолданған өтініште айтылған.

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарды қазақ руларының атымен атауға заңнамалық шектеу енгізу ұсынылды. 

Депутат Аят Сүгірбай соңғы жылдары көше атауларын өзгерту, ескерткіш орнату және ономастика мәселелерін реттеу бағытында заң талаптары күшейіп, ортақ тәртіп қалыптасқанын атап өтті. Бұрын бұл мәселелер өңірлерде әртүрлі шешілсе, қазір нақты талаптар мен бірыңғай ұстаным орныққан.

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда шаруашылықтар, серіктестіктер мен түрлі кәсіпорындарға ру атауларын беру үрдісі жиілеген. "Заңды тұлғалар" мемлекеттік деректер базасында қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі 1996–2005 жылдары құрылған.

Өтініште ру атауларын кәсіпорындар мен ұйымдардың атауында қолдану рушылдық түсініктің қайта өршуіне ықпал етуі мүмкін екені айтылған. Автор мұны тек атау мәселесі емес, қоғамның бірлігіне, болашақ ұрпақтың дүниетанымына әсер ететін фактор деп санайды. Оның пікірінше, мұндай атаулар жекелеген топтардың мүддесін алға шығарып, әділ бәсекелестік пен меритократия қағидаттарына кері әсер етуі ықтимал.

Қазір заңнамада ұйымдарға ру атауын беруге тікелей тыйым жоқ. Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды қолдануға шектеу қарастырылған. Алайда депутат белгілі бір ру атымен тіркелген кәсіпорындарға қатысты сын айтылған жағдайда, бұл сол рудың басқа өкілдеріне де тиіп, руаралық араздық туғызуы мүмкін деп қауіптенеді.

Осыған байланысты Әділет министрлігінен заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу туралы және қоғамдық бірлестіктер туралы заңдарға, сондай-ақ басқа да нормативтік актілерге өзгерістер енгізіп, ру немесе жүз атауымен ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер құруға заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыру сұралған.

Сайт Әкімшілігі