Live

Депутаттардың мінез-құлқын арнайы комиссия бағалайды

Парламент палаталарының отырысында «Құрылтай туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжатты мәжіліс депутаты Айдос Сарым таныстырды.

Фото: из открытых источников

Заң жобасы жаңа жоғары өкілді орган – Құрылтайды құруды көздейді.

Авторлардың тұжырымдамасына сәйкес, Құрылтай қазіргі парламенттің құқықтық мұрагері болады және бес жыл мерзімге пропорционалды жүйе арқылы сайланатын 145 депутаттан тұрады.

Жобаға сәйкес, Құрылтай заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыру және парламенттік бақылау жүргізу өкілеттігіне ие болады. Сонымен қатар құжатта сессиялардың, комитеттер мен комиссиялардың жұмыс тәртібі, депутаттардың мәртебесі, парламенттік көпшілік пен оппозицияны қалыптастыру ережелері қарастырылған.

Айдос Сарым заң жобасындағы жаңашылдықтардың бірі ретінде депутаттық этика жөніндегі кеңес құрылатынын айтты. Бұл орган депутаттардың этикаға сай емес әрекеттері үшін қандай жаза қолданылатыны жөнінде ұсыныстар әзірлейді.

«Біз алғаш рет депутаттық этика мәселесін конституциялық заң деңгейіне көтеріп отырмыз. Бұл  жаңа саяси әрі парламенттік мәдениетті қалыптастыратын өте маңызды институт. Мәжілістегі этикалық комиссия дәл осы шақырылымда жұмысын бастап, тиімді органға айналды. Жасыратыны жоқ, көптеген әріптестеріміз этикалық комиссияның алдына барып үлгерді.

Қазіргі таңда этикалық комиссия төрағадан және палатада сайланатын әр депутаттық фракция өкілдерінен тұрады. Болашақ регламентте де осы тәртіп сақталуы мүмкін. Жалпы бұл мәселелерді жаңа Құрылтай регламентінде егжей-тегжейлі көрсетуге болады деп есептеймін», - деді Айдос Сарым.

Егер заң қабылданса, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» қолданыстағы заңдардың күші жойылады.

Сайт Әкімшілігі