Дін мен дәстүр: сырттан келген сенім, іштен туған қарсылық
Дінді адамның жеке сенімі десек те, кейде оның төңірегінде әртүрлі дау-дамайдың оты ұшқындап жатады. Соңғы уақытта бұл мәселелер ашық талқыланып, әлеуметтік дауға арқау болғанын да байқап жүрміз.
Мысалы, жақында немере ағайындардың өзара шаңырақ көтеруі шариғатқа қайшы емес екенін айтып, әлеуметтік желіде пікір білдірген медресе ұстазының басы дауға қалды. Бала тәрбиесімен айналысып жүрген тақуаны осы пікірі үшін жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Бірі – жеті атадан аспай, жақын туыстардың отбасы құруынан түрлі ауру бала дүниеге келеді десе, енді бірі, мұндай әрекетті тіпті адамгершілікке қайшы дейді.
Бұл – қазақ қоғамында белең алып жатқан діни тартыстың бір парасы ғана.Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлерді терістеп, ән мен күйді «харамға» балайтындар, мәдени құндылықтарымызды жатқа теліп, жоққа шығаратындар да жоқ емес. Әр тараптың айтар уәжі бар. Бірі діннен өзге дүниені жоққа шығаруға дайын тұрса, енді бір тарап дін атаулыны артта қалған қоғамның белгісіне телиді. Әрине «істікті де, төстікті де күйдірмей» екі пікірдің арасынан жол табу да қиын . Қалай десек те, соңғы уақытта қоғамда жиілеген даулардың өзегі дін мен ұлттық дүниетаным төңірегінде болып тұрғаны көпке аян. Оның үстіне, әйтеуір, дін мен ұлттық құндылықтар төңіәрегіндегі мәселелерді үнемі жік-жік боп талқылайтынымыз тағы бар. Сонда діни алауыздық пен талас-тартыстың себебі неде? Салдары қандай болмақ? Осы тақырып турасында «Жас Алаш» дөңгелек үстел ұйымдастырды. Біз қойған сауалдарға дінтанушылар Кеңшілік Тышқанұлы, Естай Қалмұрат және Әл-Фараби Болатжан жауап берді.
– Күні кеше бел немерелердің шаңырақ көтеруі шариғатқа қарсы емес деп пәтуа шығарған ұстаздың басы дауға қалған еді. Осындай діни алауыздықтар мен пікір қайшылығы соңғы кезде жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Неге дінге қатысты бізде үнемі мәселе туа береді?
К.Тышқанұлы: Иә, соңғы кездері дін тақырыбында талас-тартыс пен алауыздықтың өршіп кеткені рас. Жағдай күн өткен сайын күрделеніп бара жатыр. Мұндай құбылысқа тек бір тараптан ғана баға беріп, талқыға салу аздық етеді. Осындай талас-тартыстың өршуіне себеп болып тұрған бірнеше факторлар бар. Бұрынғыдай емес, қазір ашық кеңістікте өмір сүреміз. Ақпарат алмасу шекара танымайды, түрлі көзқарастар мен діни ұстанымдар еркін таралады. Соңғы кездері мұсылман мемлекеттеріне барушылар да, ол жақтан келушілер де көбейді. Бұл, бір жағынан, табиғи үдеріс, білім мен тәжірибе алмасудың көрінісі. Алайда дәл осы жағдай сырттан келген діни тәжірибелер мен түсініктердің еш сүзгісіз қабылдануына да жол ашып отыр. Сол жақтың тактикаларын қолданысқа енгізу мәселесі де осыдан туындайды. Қазіргі таңда сан түрлі діни ағымдардың әрекетіне нақты бір тосқауыл қойылмай отыр. Яғни құқықтық, заң тұрғысынан тосқауыл мен шектеу болмағандықтан, дәстүрлі емес діни ағым өкілдері қоғамда өзін еркін сезіне бастаған сыңай танытады. Бұл еркіндік кей жағдайда пікір алуандығын қалыптастырса, енді бір тұста қоғам ішіндегі идеологиялық ала-құлалықты күшейтіп отыр. Нәтижесінде, қарапайым халық үшін «қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс» деген сұрақтың жауабы көмескілене түседі. Шетелде оқып келген азаматтар білім алған ошағында түйгені мен білгенін қазақ қоғамында таратуға тырысады. Осындай пиғылдағы азаматтарды да ұшырастырып қаламыз.
Алайда бұл жерде бір маңызды мәселе бар. Әрбір діни қағида белгілі бір тарихи-мәдени контекст ішінде қалыптасады. Қазақ қоғамының ішкі құрылымын, дәстүрін, мәдениеті мен ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын, сол өлкеге дін таралған кезде сақталып қалған ерекшеліктерін елемей жатады. Осыны ескермеу – дінді түсіндіруде механикалық көшірме жасауға алып келеді. Ал мұндай көшіру қоғам мен діннің арасындағы табиғи үйлесімді бұзады. Осындай нәзік шекараларды түсінбейтін, ескеріп-елемейтін кей азаматтар шариғаттың ішінде бар немесе шариғатта мүлде айтылмаған дүниелерді тікелей жеткіземін деп қоғамның наразылығына ұшырап жатады.
Күні кеше немере ағайындардың үйленуіне болады, шариғатта тыйым салынбаған деген пікірді айтқан дін өкілінің сөзі де осыған айқын мысал. Мұндай пікірлер шариғаттың белгілі бір тармақтарына сүйенуі мүмкін болғанымен, оны қоғамға бейімдемей, тарихи-мәдени сүзгіден өткізбей жариялау үлкен әлеуметтік резонанс тудырады. Мұндай позициялар қоғам үшін қауіпті тенденция. Себебі біз ғасырлар бойы «ислам дінінің өкілі саналатын халық ретінде бізге жат емес» деп халық пен дінді бөліп қарастыратын кей топтарға таптырмас уәж ұсынып береміз. Яғни мұндай қайшылықтар ақырында дін мен дәстүрді қарсы қоюға тырысатын көзқарастардың күшеюіне алып келеді. Бұл өз кезегінде қоғамның ішкі тұтастығына сызат түсіреді. Сондықтан мұндай мәселелерді кей азаматтардың талқыламағаны, талқылаған күннің өзінде дәстүрге басымдық бергені абзал болушы еді. Дінді жеткізуде тек мәтінге сүйену жеткіліксіз, оны қоғамның рухани болмысымен үйлестіре білу қажет. Әйтпесе, дінді қорғау ниетімен айтылған сөздің өзі қоғамда бөліну мен түсінбеушілікке себеп болуы әбден мүмкін.
Е.Қалмұрат: Менің ойымша, қоғамдағы діни талас-тартыстардың жиілеуі, соның ішінде осындай ашық дебаттардың орын алуы бірнеше мәселенің, құбылыстың басын ашып отыр. Біріншіден, бір қоғамдағы әртүрлі пікірлердің болуы және қатар өмір сүруі либералды қоғамның белгісінен хабар берсе керек. Мәселен, демократиялық‑либералды қоғамдарға көз тастасақ, мұндай қоғамның басты белгісі, анық нышандарының бірі – осындай бір-біріне қарама-қайшы әртүрлі көзқарастардың бір қоғамда өзара бейбіт өмір сүруі. Менің ойымша, өзіңіз келіспеген пікірді, сіздің пікіріңізге мүлде қарама-қайшы пікірдің өзін құрметтей білу және оның өмір сүруіне құқылы екенін түсіну – дана, саналы қоғамның бір көрінісі. Бұл бір көзқарас.
Енді діни алауыздық мәселесіне тіпті басқа қырынан келуге болады. Яғни қоғамдағы діни поляризация тұрғысынан келейік, анығында, дін мәселесіндегі қайшылықты көзқарастардың туу себебі. Менің ойымша, кез келген діни алауыздықта контекст маңызды. Қазақстан тәуелсіздік алғанына небәрі отыз жылдан астам уақыт болды, сәйкесінше, кеңестік кезеңдегі рухани вакуумнан толыққанды айықпағанын, діни суверенитетін қайтарып үлгермеген ел екенін мойындауымыз керек. Кеңес кезінде репрессиялардың бірі осы дін саласын қамтығынан білеміз. Сонымен қатар «ғылыми атеизм» деп аталған алтернатив идеологияның белсенді түрде насихатталғанын да ұмытпағанымыз жөн. Бұл тақырып турасында, яғни посткеңестік ислами қайта жаңғыру немесе посткеңестік ислами реисламдану тақырыбында ғалымдар жасаған талай зерттеулер бар. Мұндай құбылыс, яки діни алауыздық тек біздің ғана қоғамға тән құбылыс деу жаңсақтық болар. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сынды посткеңестік қоғамдарда жиі байқалатын тенденция. Осы контекст тұрғысынан қарасақ, кеңестік кезеңнің рухани вакуум әрі «ғылыми атеизм» үстемдік құрған кезеңнен кейін тәуелсіз ел, дербес қоғам ретінде қоғам өзінің діни суверенитетін қайта қалпына келтіруге әрекет етіп жатыр. Ал тәуелсіздік алған тұста діни суверенитетті қалыптастыратындай дін саласында эксперттер мен мамандар, тіпті қарапайым уағызшылар да болған жоқ. Себебі де түсінікті, діни білім беретін ұйымдар болған жоқ. Дін мамандарының көпшілігі, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейінгі екі онжылдықта шетелден білім алып келген азаматтар еді. Ал мұндай дін мамандары шетелден тек діни білімін ғана емес, сол жақтағы проблемалар мен қайшылықтарды, сол елдің күн тәртібінде тұрған мәселелерді біздің елімізге алып келді. Ал ол біздің кеңестік кезеңге дейін үстемдік құрған діни модель мен түсінікке көп жағдайда сәйкес келмейтін еді. Тіпті кей тұста конфронтацияға ұшырап жатты. Сондықтан мәселені осы маңызды екі аспекті арқылы бағамдаған жөн болар.
Ә.Болатжан: Себебі дін дегеніміз – ол монолиттік құбылыс емес, ғасырлар бойы қалыптасқан әлеуметтік конструкт десе болады. Дін ішінде әртүрлі ағымдар бары былай тұрсын, тіпті бір ағым ішінде көптеген пікірталастар болып жатады. Одан бөлек, кейбір діни ағымдардың арасында мұсылман болу ол өзге елдің салтын, мәдениетін өз санаңа сіңіру деген жаңсақ пікір қалыптасқан.
– Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды терістейтін дін өкілдерін байқап қалып жатамыз. Бірі домбыраны харамға баласа, енді бірі Наурызды жоққа шығарады. Біздің қоғам, әсіресе дін өкілдері не себепті ұлт пен дін құндылықтарын бір-біріне қарсы қоюға дайын тұрады? Мұндай мәселелердің тігісін жатқызып, шешімін қалай тапсақ болады?
К.Тышқанұлы: Байқасақ, Наурызды жоққа шығарып, дінге қарсы қойып, домбыраға тыйым салып жүрген жекелеген азаматтар ғана емес. Бұл – белгілі бір идеологияның ықпалында қалыптасқан көзқарас. Радикалды бағыттағы азаматтардың басым бөлігінде осы ұстанымның ізі байқалады. Тіпті ол туралы ашық айтып, жұрт алдында жария етсін немесе іште сақтасын – бәрібір олардың дүниетанымдық негізінде дәл осы түсінік жатқанын аңғаруға болады.
Қоғам көбіне осындай көзқарасты ашық айтып қалған, эмоциясын тежей алмаған жекелеген адамдарды ғана сынап, түтіп, жеп жатады ғой. Ал шын мәнінде мәселе жеке адамның сөзіне тіреліп тұрған жоқ, оның артында тұтас бір идеологиялық жүйе бар. Сол жүйе белгілі бір мәдени құндылықтарды «дінге жат» деп қарастырып, ұлттық дүниетаным мен діни ұстанымды бір-біріне қарсы қоюға бейім. Шын мәнінде, біз айтып жүрген салафилік, уахабилік бағыттағы азаматтардың ұстанымы осындай. Сондықтан мемлекет бұл бағыттағы азаматтармен қатаң жұмыс істеу алгоритмдерін қалыптастыру керек деп ойлаймын. Мұндай сыңаржақ пікірлер тұтас бір идеологияның салдарынан туған нәтиже. Ал теріс идеологияларға тек құқықтық жолмен тыйым салу арқылы ғана қарсы тұра аламыз.
Е.Қалмұрат: Біздің ұлттық құндылықтарымыз, соның ішінде қазақ үшін қастерлі болып саналатын ұлттық мейрамдарымыз бен аспаптарымыздың өзіне тіл тигізіп, қаралап жатқан пікірлерді бір емес, бірнеше мәрте көріп, байқап отырмыз. Бұл құбылыс жекелеген пікір иелерінің эмоциялық реакциясы ғана емес, қоғам ішіндегі тереңірек идеологиялық қайшылықтардың сыртқа шыққан көрінісі секілді әсер қалдырады. Менің ойымша, жоғарыда атап өткенімдей, бұл мәселелерге екі түрлі көзқарас арқылы баға берген жөн болар. Либералды ашық қоғамда мұндай көзқарастардың болуы заңды, тіпті белгілі бір деңгейде табиғи құбылыс деп қабылданады. Соның ішінде максималды либералды ашық көзқарастан бастап, қарама-қарсы тараптағы әсіреконсерватив, әсіредәстүршіл, әсіредіншіл позициялардың көрініс табуы – ашық қоғамның ішкі динамикасын, пікір алуандығын айқындайтын негізгі факторларының бірі. Мұндай поляризация кейде қоғамды бөлшектейтін фактор болып көрінгенімен, шын мәнінде, ол ой еркіндігі мен көзқарас алуандығының бар екенін көрсетеді.
Ал екінші тараптан бағамдасақ, атап өткенімдей, біздің қоғамдағы діни суверенитеттің толық қалпына келмеуі, діни дискурстың өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетпеуі де – тағы бір маңызды себеп. Яғни қоғамда шетелдік идеологияға тәуелділік әлі күнге мызғымай сақталып тұр. Бұл тәуелділік тек діни ұстанымдармен шектелмей, мәдени кодқа, тарихи жадыға, ұлттық символдарға деген көзқарасқа да әсер етіп отыр. Нәтижесінде, сырттан келген догматикалық түсініктер жергілікті дәстүрмен үйлеспей, қайшылық тудырып, ұлттық құндылықтарға күмәнмен қарауға дейін алып келетін жағдайлар қалыптасуда.
Ал сөздің ауанын мәселенің шешіміне бұрсақ, бұл күрделі мәселе екенін айтқым келеді. Мұнда біржақты шешім немесе тез нәтиже беретін құрал жоқ. Біз өзімізді ашық қоғам деп жариялап, конституция бойынша зайырлы, демократиялы, құқықтық мемлекет деп баға бергендіктен, адамдарға пікір үшін ғана қысым, қудалау немесе заңдық тұрғыда қандай да бір тыйым салу күрделі әрі қауіпті үрдіске айналуы мүмкін. Бұл жерде гармония әлдеқайда басым дер едім, өйткені қоғам тұрақтылығы көбіне тепе-теңдік пен өзара түсіністікке сүйенеді. Біріншіден, құқықтық-нормативтік тұрғыдан қарасақ, біреудің ар-намысына тиіп, ұлтараздықты қоздырып жатса, іс қозғап жауапқа тартқан жөн. Заң үстемдігі сақталған жерде ғана сөз еркіндігі жауапкершілікпен ұштасады. Ал екіншіден, қоғамдық диалог аясында көптеген ашық алаңдарда әртүрлі көзқарастардың таласы арқылы ортақ мәмілеге келуге болады. Бұл тек пікір алмасу ғана емес, бір-бірін түсінуге жасалған қадам болуы тиіс.
Бұл жерде ортақ мәмілеге келуден бұрын, екі тараптың бір-бірімен сөйлесе алуы, диалогқа келе алуы маңызды. Себебі қазіргі жағдайда басты мәселе – келісімнің жоқтығы ғана емес, өзара тыңдау мәдениетінің әлсіреуі. Егер қоғам мүшелері бір-бірін жау ретінде емес, пікір иесі ретінде қабылдай бастаса, бұл қоғамдағы қысым мен түсініспеушілікті әлдеқайда азайтар ма еді деп ойлайсың. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды қорғау оларды қатаң оқшаулау арқылы емес, мағынасын жаңғыртып, қазіргі заманмен үйлестіре түсіндіру арқылы жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана дәстүр мен заманауи ойлау арасында қайшылық емес, сабақтастық орнайды.
Ә.Болатжан: Ұлттық мейрам мен ұлттық музыканы көбінесе деструктивті деп аталатын діни ағымдар харамға балайды. Оларды тағы радикалды, фундаменталистік ағымдар деп те атайды. Негізінен исламның басты әрі бірегей дереккөзі – Құранға сүйенсек, онда не ұлттық мейрам тойлауды, не музыканы харамға баланғанын көрмейміз. Көбінесе аталмыш ағымдар тек өзге халықтың ғана аспаптары пен мәдениетін мойындап, өз халқымыздыкін мойындамайды.
– Әдетте осындай ұлтқа, ұлттық құндылықтарға байланысты пікір айтатын дін өкілдерінің білімі мен діни мектебі қандай? Бұны жеке көзқарас деп қабылдаған жөн бе? Әлде белгілі бір ағымның ықпалы болуы мүмкін бе? Оның үстіне қоғамда резонанс тудырған, пікір айтқан дін өкілдеріне қандай да бір тәртіптік шара қолдана ма, сол қызық…
К.Тышқанұлы: Осы орайда діни басқармаға, соның өкілдеріне де айтатын сын-ұсынысым бар. Әр өңірдегі кей ұстаздардың айтқанын, позициясын бақылап отыру керек сияқты. Себебі діни басқарманың атынан сөйлеп отырғандықтан, өзін қалыпты діндарға балайтын азаматтар да сол ұстаздарды тыңдап, айтқанына сенеді. Сондықтан діни басқарманың сапында жүрген имамдар, әсіресе ұлттық мүдде, мәдениет, дәстүр, дін, құндылық мәселесіне келгенде өте мұқият болғаны жөн. Кейде тіпті бір күмәнді ойдың санаңа сап ете қалатыны бар. Радикалды формадағы ниеті бар азаматтар діни басқарманың құрамынан орын алған сияқты көрінеді. Мұндай да қауіп барын ескергеніміз абзал. Діни аттестациядан өткізген кезде діни сауатын ғана емес, мәдениет пен дәстүрге деген ұстанымдарын айқындап алған дұрыс шығар. Қандай бір діни ұйымның немесе шетелде оқып келген азаматтардың ішінде ұлттың құндылықтарына қатысты жаңсақ пікірі болса, әрі сол жаңсақ пікірдегі азамат діни басқармада жұмыс істесе, зардабы да ауыр болмақ. Сол үшін бұл бағытта жасалатын жұмыстар өте көп. Қазір ұлттың да көзі ашық, санасы еркін. Мұндай азаматтарға наразылық пен талқының тез арада туатыны да сол себепті шығар.
Әдетте ұлттық құндылықтар мен діни құндылықтарды қарсы қоюдың өзі үлкен жаңсақтық. Тарихтан бері бірімен-бірі біте қайнасып келе жатқан ұлттық сананы жасаушы негізгі факторлар. Ұлт пен дінді қарсы қойып, халықтың арасына жік салуды орынсыз деп есептеймін. Бізге дейін қазақтың қаншама ағартушылары дінді ұстанған, дәріптеген. Бірақ алауыздықтар бүгінгідей жиі орын ала бермейтін. Себебі әр халықтың өзіне тән ұстанымы, ерекшелігі мен өмір сүру салты болатынын, басымдық беретін құндылықтардың басқа екенін түсінді.
Е.Қалмұрат: Иә, әбден мүмкін. Көпшілік жағдайда ұлтқа, ұлттық құндылықтарға байланысты пікір айтатын дін өкілдері жат ағым мүшелері болуы әбден ықтимал. Ал мәселенің түбіріне, яки діни ағымдардың өзіне келетін болсақ, біржақты пікірмен шешіле салатын мәселе емес дер едім. Себебі демократиялық қоғамда ешкімді пікіріне қарай қыспаққа алып, тыйым сала алмасыңыз анық. Діни саладағы заңнамаларды әлі де жетілдіре түсу керек деген ойым бар. Әлі де қарау керек тұсы көп.
Ә.Болатжан: Кейде ол жүйелі түрде бір ағым өкілдері болады, кейде ол жеке көзқарас та болуы мүмкін. Діни біліміне келсек, бізде PhD атағы бар, жергілікті діни мекемені тамамдап, сол діни мекемеде оқытушы болып қызмет атқаратын кісілер де кейде алауыздық тудыратын мәлімдеме жасайтынын көріп жатырмыз. Ондай кісілерге түрлі шара қолданады, оның ішінде профилактикалық жұмыс, сөгіс (діни мекемеде оқытушы болса), сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік те бар. Бұның бәрі бұзушылықтың ауырлығына қарай.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ