Дубайда өмір бойына қамалған қазақстандықты экстрадициялау әзірге қаралып жатқан жоқ – СІМ
Дубайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандықты экстрадициялау мәселесі әзірге қаралып жатқан жоқ.
Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәлімдеді.
Мәжіліс кулуарында журналистер оның Дубайда сотталған азаматты Қазақстанға қайтару мүмкіндігі туралы сұраған.
«Бұл – Дубай қаласының бірінші инстанция сотының шешімі. Апелляция берілді, өз процедурасы бар. Сондықтан экстрадиция мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ. Алдымен сот процесі толық аяқталуы тиіс, содан кейін ғана шешім қабылданады», – деді Бақаев.
Оның айтуынша, бұл мәселе Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасына сәйкес шешіледі. Қазіргі таңда іспен адвокаттар мен Қазақстанның Бас консулдығы айналысып жатыр.
«Бас консулдық, әрине, көмектеседі, өйткені бұл – біздің азаматымыз», – дейді министр орынбасары.
Шенеуніктің мәліметінше, сотталған азаматтың туыстары Қазақстан СІМ-не ресми түрде жүгінбеген.
Бұған дейін 22 жастағы қазақстандықтың БАӘ-де өмір бойына сотталғаны белгілі болған еді. СІМ дерегінше, 2026 жылғы 18 наурызда Дубай соты оны бірнеше ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру және айыппұл төлеу жазасын тағайындаған.
Азамат үкімге апелляциялық шағым түсірген, сондықтан шешім заңды күшіне енбеген. Қазақстан елшілігі БАӘ-нің құзырлы органдарына ресми сұрау жолдаған.
Оның туыстарының айтуынша, ол 2024 жылы БАӘ-ге жұмыс істеуге кеткен және жүргізуші болып еңбек еткен. Жақындары оның кінәсіне сенбейтінін және жалған айыпқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеген.
Кейбір БАҚ бұл істі 2025 жылғы Жаңа жыл түні Дубайдағы виллаға жасалған шабуылмен байланыстырады. Ол жерде қаржы пирамидасы Finiko-ның негізін қалаушылардың бірі Эдвард Сабиров тұрғаны айтылған.