Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хантавирустың таралуына қатысты мәлімдеме жасады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Атлант мұхитындағы MV Hondius бортында таралуы мүмкін хантавирус індетіне байланысты тергеу бастады. Алдын ала деректерге сәйкес, бір жағдай зертханалық түрде расталып, тағы бес адамнан күдікті белгілер анықталған.
Ұйым мәліметінше, науқастардың үшеуі қайтыс болып, бір адам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері дәрігерлердің бақылауында.
Кеме шамамен жеті апта бұрын Аргентинадан шығып, 3 мамыр күні Кабо-Верде астанасы Прая портына тоқтаған. Лайнерді басқаратын Oceanwide Expeditions компаниясы көз жұмғандардың барлығы жолаушылар екенін растады.
Мамандардың айтуынша, хантавирус көбіне кеміргіштер арқылы таралады. Дегенмен, сирек жағдайда адамнан адамға жұғу ықтималдығы да қарастырылып жатыр. Осыған байланысты сарапшылар індеттің нақты таралу жолын анықтауға кіріскен.
Қазіргі уақытта зертханалық сараптамалар мен эпидемиологиялық тексерулер жүргізілуде. ДДСҰ елдермен бірлесіп, қауіп деңгейін бағалап, қажет болған жағдайда медициналық эвакуация ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруде.