Әлеумет

Джанни Инфантино FIFA президенті қызметінде қалады

Футболдан халықаралық қауымдастықтар федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино халықаралық турнирлерді ішінара жекешелендіру жоспарына байланысты сынға қарамастан қызметінде қалады.

Фото: Andrew Harnik/Getty Images/AFP

ФИФА басқармасының Рабат қаласында өткен шұғыл отырысында ұйым басшылығына сенім білдірілді. Қорытынды мәлімдемеде ФИФА бас хатшысы Маттиас Графстрём мен басқарма мүшелері Инфантиноға қолдау көрсеткені айтылған.

Сондай-ақ ФИФА ұлттық және өңірлік футбол ұйымдарына жолдаған хатында жіберілген қателіктер үшін «шынайы кешірім» сұрап, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеуге уәде берген.

Ал UEFA ФИФА басшылығын «жасырын мәмілелер жасады» деп айыптап, ұйымға деген сенім жоғалғанын мәлімдеді. УЕФА Инфантино сайлауалды уәделерінің, соның ішінде ашықтық қағидатын орындамағанын айтып, даулы келісімнің жабық түрде әзірленгенін сынға алды.

Даудың негізгі себебі – Инфантиноның футболдан әлем чемпионаты мен басқа да халықаралық турнирлердің коммерциялық құқықтарының бір бөлігін жекеменшік инвесторларға сатуды ұсынуы болды. БАҚ мәліметінше, ықтимал инвесторлар қатарында АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің туыстары да болған.

Инфантино бұл бастама ұлттық футбол қауымдастықтарының табысын төрт есеге дейін арттыруы мүмкін екенін айтқан.

Алайда 30 шілдеде УЕФА-ға мүше барлық 55 ұлттық қауымдастық бұл жоспар жүзеге асқан жағдайда ФИФА турнирлеріне бойкот жариялайтынын мәлімдеді. Кейін Солтүстік және Орталық Америка мен Кариб бассейні елдерінің футбол конфедерациясы – CONCACAF да еуропалық ұйымның сынын қолдады.

1 тамызда Джанни Инфантино ФИФА халықаралық турнирлерді ішінара жекешелендіру жоспарынан толықтай бас тартқанын жариялап, бастама футбол қауымдастығы ішінде алауыздық туғызғанын және ұйымның негізгі мақсаты – футболды біріктіру мен дамыту қағидатына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Сайт Әкімшілігі