Саясат

Джаред Кушнер Мысырда ХАМАС өкілдерімен кездесті

АҚШ президентінің арнайы өкілі, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Газа секторына қатысты бейбітшілік жоспарын жүзеге асыру аясында Мысырда ХАМАС қозғалысының басшылығымен кездесті.

Фото: ашық дереккөз

Кездесуде ол ХАМАС-ты қарусыздану бағытында нақты қадамдар жасауға шақырды. Бұл туралы 16 тамызда Axios пен AFP дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Axios мәліметінше, келіссөз шамамен 90 минутқа созылған. Басылым дереккөзі кездесуді «өте нәтижелі» деп бағалап, ХАМАС өкілдері қарусыздану бойынша нақты қадамдар жасауға дайын екенін жеткізгенін айтады.

«ХАМАС басшылары Кушнерден Трампқа келісімдерге адал болып қала беретіндерін жеткізуді сұрады», – дейді Axios дереккөзі.

АҚШ өкілдері бұл ұстанымды құптағанымен, «жай сөз емес, нақты әрекет көргісі келетінін» атап өткен.

Кездесуге «Бейбітшілік кеңесінің» бас директоры Николай Младенов, Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр, кеңестің аға кеңесшілері Арье Лайтстоун мен Лиран Танкман да қатысқан. ХАМАС тарапынан қозғалыстың саяси бюросының басшысы Халиль әл-Хайя болған. Сондай-ақ Мысырдың Жалпы барлау басқармасының басшысы Хасан Рашад, Катар дипломаты Әли әл-Тавади және аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды түрік шенеунігі кездесуге қатысқаны хабарланды.

Кушнер ХАМАС өкілдеріне Израильден де тиісті қадамдар күтетін болса, қозғалыс қарусыздану бойынша нақты іс-әрекетке көшуі керектігін айтқан. Мұндай қадамдардың қатарында Газа секторын басқару өкілеттігін палестиналық технократтар үкіметіне беру және ХАМАС-тың болашақта анклавты басқаруға қатыспайтынына кепілдік беру бар.

Кушнер Израильге барады

Axios дерегінше, 17 тамызда Джаред Кушнер Израильге барып, премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен кездеседі деп жоспарланған. Тараптар Израильдің бейбітшілік жоспары аясындағы ықтимал қадамдарын талқыламақ.

9 тамызда Нетаньяху Трамп құрған «Бейбітшілік кеңесінің» Газа секторына қатысты жоспарын Израиль қабылдамайтынын мәлімдеген.

«ХАМАС қарусызданбайынша, Израиль қорғаныс армиясы әскерін шығармайды. ХАМАС-тың қарусыздануы дегенде мен ауыр қаруды да, жеңіл қаруды да, қарудың барлық түрін айтып отырмын. Біз формалды емес, шынайы қарусыздану туралы айтып отырмыз», – деді Нетаньяху үкімет отырысында.

Бұл мәлімдемелер 27 қазанда өтетін парламент сайлауы алдындағы саяси күрес аясында да айтылып отыр.

Мұсылман елдері Израильді сынға алды

16 тамызда Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания, Пәкістан, Индонезия, Катар, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жариялап, Израильдің Газа секторында бейбітшілік орнатуға арналған жоспардан және Палестина мемлекетін құру идеясынан бас тартуын сынға алды.

Бұл елдер Израильді Газа секторында «әділетті әрі тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен күш-жігерге кедергі келтіріп отыр» деп айыптады.

Газадағы соғыс

Таяу Шығыстағы қақтығыстың қазіргі кезеңі 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС-тың Израильге шабуылынан кейін басталды. Шабуыл кезінде шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам кепілге алынды. Кейін олардың бір бөлігі босатылып немесе айырбасталды, ал кейбірі қаза тапты.

Израиль бұған жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің әскери операциялары барысында 73 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 174 мыңнан астам адам жараланған. Бұл статистикада қаза тапқандардың қаншасы ХАМАС содырлары болғаны бөлек көрсетілмейді.

Сайт Әкімшілігі