Экономист Олжас Байдильдинов Астанадағы LRT жолақысын көтеру керек екенін айтты
Экономист Олжас Байдильдинов Астанадағы LRT жүйесінде жолақы қашықтыққа қарай есептелуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, бір-екі аялдама ғана жүрген жолаушы мен қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін барған адам бірдей 200 теңге төлемеуі тиіс.
Бұл туралы kursiv.media жазды.
Сарапшы Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі тәжірибені мысалға келтіріп, жолақыны станса санына немесе жүрілген қашықтыққа қарай есептеуді ұсынды.
«200 теңге тек қысқа бағыттарға, мысалы сол жағалаудың ішінде жүруге лайық болуы мүмкін. Ал сол жағалаудан оң жағалауға өтетіндер үшін тариф бөлек болуы керек», – деді ол.
Сонымен қатар экономист қоғамдық көлікке бөлінетін субсидия көлемінің артып жатқанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылы Астанада бұл мақсатқа шамамен 70 млрд теңге, Алматыда 100 млрд теңге жұмсалған.
Байдильдинов LRT іске қосылғаннан кейін бюджетке түсетін жүктеме одан әрі ұлғаюы мүмкін екенін ескертті.
Еске салсақ, Астанадағы LRT жобасының жолақысы 200 теңге болып бекітілген. 15 жыл бойы салынған жоба 17 мамырдан бастап жолаушыларға қызмет көрсете бастайды. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд долларды құрайды.