Live

Экс-депутат Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында жаяу жүргіншіні қағып кетті деген ақпарат тарады

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында жол-көлік оқиғасы болып, бір адам ауыр жарақат алды.

Фото: БАҚ

Әлеуметтік желіде апатқа бұрынғы депутат Бақытжан Базарбектің қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Алайда полиция жүргізушінің аты-жөнін толық жарияламады.

Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 15 тамыз күні кешке болған. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota RAV4 көлігінің жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жәбірленуші оқиға орнынан аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Апатқа дейін осы аумақта аталған көлік сиырмен соқтығысқан. Содан кейін бірнеше ер адам жолға шығып, малдың өлексесін тасжолдан алып тастауға әрекет жасаған. Сол сәтте олардың бірін көлік қағып кеткен.

Дәрігерлер зардап шегушінің жабық бас-ми жарақатын, миының соғылуын, жабық пневмотораксты, білектің жабық сынуын және жіліншіктің ашық сынуын анықтаған. Ауруханаға жеткізілген кезде ер адам бірінші дәрежелі травматикалық шок жағдайында болған. Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Жамбыл облысының полиция департаменті аталған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі, Б. есімді азамат, жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шегуші аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.

Осылайша, әзірге полиция экс-депутат Бақытжан Базарбектің жол апатына қатысы бар екенін ресми түрде растаған жоқ. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Сайт Әкімшілігі