Ел дәріханаларында тегін берілуі тиіс дәрілердің сатылғаны анықталды
Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалау жүйесі арқылы жүргізілген талдау нәтижесін жариялады.
Платформа деректеріне сәйкес, республика бойынша тегін медициналық көмек аясында берілуі тиіс 4114 дәрі-дәрмек дәріханаларда сатылған.
Тексеру барысында 74 нысан жоспардан тыс бақылаудан өтті. Оның ішінде 31 ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салынды. Ал 43 мекемеге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.
Министрлік мәліметінше, кей жағдайларда науқастарға тегін берілуі тиіс дәрілер заңсыз сатылған. Сондай-ақ медициналық ұйымдар арқылы таратылған препараттардың дәріхана желілеріне түскені белгілі болды. Анықталған дәрілер қатарында натрий хлориді мен глюкоза ерітінділері, кейбір антибиотиктер және созылмалы ауруларға арналған дәрілер бар.
Аталған деректер бойынша материалдар Қаржы мониторингі агенттігі мен ҰҚК-нің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолданды.