спорт

Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Елена Рыбакина Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) жаңартылған әлемдік рейтингінде ресми түрде бірінші орынға көтерілді.

Фото: ҰОК

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, Рыбакинаның еншісінде қазір 9901 ұпай бар. Ол екінші орыннан бірінші сатыға көтеріліп, 7875 ұпайы бар Арина Соболенкодан 2026 ұпайға алға шықты. Үздік үштікті америкалық Джессика Пегула 7265 ұпаймен түйіндеді.

Әлемдік рейтингтегі бірінші орын үшін күресте US Open-2026 шешуші турнир болды. Рыбакина ширек финалда қытайлық Чжэн Циньвэньді жеңіп, жартылай финалға шыққаннан кейін турнирдің қалған нәтижелеріне қарамастан әлемнің бірінші ракеткасы атанатыны белгілі болған.

Кейін қазақстандық теннисші US Open турнирін чемпиондықпен аяқтады. Финалда ол Арина Соболенконы 6:4, 5:7, 6:2 есебімен жеңді. Бұл – Рыбакинаның US Open-дегі алғашқы және мансабындағы «Үлкен дулыға» санатындағы үшінші титулы.

Осылайша, 27 жастағы Елена Рыбакина WTA тарихында әлемдік рейтингтің бірінші сатысына көтерілген 30-шы теннисші атанды. Сондай-ақ ол ерлер мен әйелдер арасында жекелей сында әлемдік рейтингті басқарған Қазақстанның тұңғыш өкілі болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.

Сайт Әкімшілігі