Оқиғалар

Эмрах Кая: жаңа парламенттік модель мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға жағдай жасайды

Жаңа бір палаталы Құрылтайдың қалыптасуы Қазақстанның саяси жүйесінің одан ары дамуына кешенді ықпал етеді.

Фото сарапшының сұхбатынан алынды

Түркиялық халықаралық қатынастар саласының маманы Эмрах Каяның пікірінше, жаңа парламенттік модель мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, қоғамдық басқаруды кеңейтуге, саяси бәсекелестікті дамытуға және азаматтардың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

23 тамызда өтетін сайлау жаңа Құрылтайдың алғашқы шақырылымының құрамын айқындайды. Түркиядағы Османие Коркут Ата университетінің халықаралық қатынастар факультетінің оқытушысы әрі халықаралық қатынастар саласының маманы Эмрах Кая бұл үдерісті кейінгі жылдары жүзеге асырылып келе жатқан дәйекті саяси және экономикалық реформалар аясында қарастырады.

Сарапшының бағалауынша, жаңа заң шығарушы органның қалыптасуы парламент жұмысының ұйымдастырылуына ғана емес, елдің ішкі және сыртқы саясатындағы ауқымды үдерістерге де ықпал етеді.

«Жаңа заң шығарушы органның қалыптасуы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында, сондай-ақ қоғамдық өмірінде бірқатар өзгеріс алып келетіні сөзсіз. Бұл үдерістің негізгі факторларының бірі – дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар», – деді Эмрах Кая.

Институционалдық өзгерістерге тоқталған сарапшы жаңа парламенттік модельге көшуді мемлекеттік басқару жүйесін одан ары жетілдірумен байланыстырады. Оның пікірінше, Құрылтайдың бір палаталы құрылымы ерекше маңызға ие.

«Бұл реформалар саяси жүйені жаңғыртуға негіз қалап, заманауи басқару моделінің қалыптасуына жол ашты. Жаңа жүйе бірқатар оң нәтижелер береді деп күтілуде. Ең алдымен, мемлекеттік басқару құрылымдарының тиімділігі артып, олардың институционалдық негіздері нығаяды. Бір палаталы парламенттік жүйе мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен теңгерімділігін күшейтуге ықпал етеді», – деп атап өтті сарапшы.

Эмрах Кая маңызды бағыттардың бірі ретінде қоғамдық өкілдіктің кеңеюін де атап өтті. Оның бағалауынша, жаңа жүйе азаматтардың саяси үдерістерге белсендірек қатысуына және өз мүдделерін басқару институттары арқылы білдіруіне қосымша мүмкіндіктер ашады.

«Сонымен қатар қоғамдық өкілдік едәуір кеңейеді. Өз мүдделерін тікелей білдіретін өкілдерді сайлау арқылы азаматтар саяси үдерістерге белсендірек қатыса алады. Бұл, өз кезегінде, азаматтық қоғамның дамуына және азаматтардың саяси өмірге кеңінен тартылуына қосымша мүмкіндік жасайды», – деді ол.

Сарапшы саяси бәсекелестік пен қоғамдық диалог тетіктерінің дамуына да ерекше назар аударды. Оның пікірінше, бұл үдерістер түрлі көзқарастың жүйелі талқылануына және қабылданатын шешімдердің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

«Жаңа жүйе демократиялық мәдениеттің қалыптасуына және саяси дамудың жеделдеуіне ықпал етеді. Бұл үдеріс саяси бәсекенің күшеюімен және тұрақтылық пен өзара түсіністікке негізделген саяси ортаның қалыптасуымен қатар жүреді. Соның нәтижесінде қоғамда тиімді диалог пен консультация тетіктері дамып, шешім қабылдау жүйесінің сапасы мен нәтижелілігі артады», – деді Эмрах Кая.

Сонымен бірге сарапшы азаматтардың саяси үдерістерге кеңінен қатысуын олардың жауапкершілігінің артуымен тікелей байланыстырады. Оның пікірінше, саяси өмірге қатысу мүмкіндігімен қатар қабылданатын шешімдерге саналы көзқарас та маңызды.

«Сонымен қатар азаматтардың жауапкершілігі де арта түседі. Сайлаушылардың таңдауы мен саяси белсенділігі нақты нәтижелерге тікелей ықпал ететін болады. Мұның барлығы саяси сананың деңгейін көтереді. Саяси кемелдік, бәсекелестік және жоғары саяси мәдениет – тиімді басқару мен тұрақты қоғамның негізі. Осы факторлардың барлығы Қазақстанда орнықты даму іргетасын қалыптастырып, саяси жүйені одан ары жетілдіруге жағдай жасайды», – деп түйіндеді сарапшы.

Қорытындылай келе, Эмрах Кая жаңа парламенттік модельдің маңызын институционалдық және қоғамдық өзгерістердің өзара сабақтастығымен байланыстырады. Оның бағалауынша, заң шығарушы биліктің тиімді ұйымдастырылуы, қоғамдық өкілдіктің кеңеюі, саяси бәсекелестіктің дамуы және азаматтардың жауапкершілігінің артуы Қазақстанның саяси жүйесін дәйекті түрде жетілдіруге негіз болатын өзара байланысты алғышарттарды қалыптастырады. Ал 23 тамыздағы сайлау осы модельді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналып, оның қағидаттарын заң шығару қызметінде іске асыратын Құрылтайдың құрамын айқындайды.

 

Сайт Әкімшілігі