Live

Енді қазақстандықтар БАӘ-де жүргізуші куәлігін ауыстырмай-ақ көлік жүргізе алады

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа 25 маусым күні Абу-Дабиде Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қол қойды.

Фото: ашық дереккөз

Жаңа келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстан мен БАӘ азаматтары өз елінде берілген жүргізуші куәлігімен екінші мемлекет аумағында көлік жүргізе алады. Сонымен қатар, меморандумда көрсетілген талаптарға сәйкес жүргізуші куәлігін жеңілдетілген тәртіппен айырбастау мүмкіндігі де қарастырылған.

Бұл бастама екі ел арасындағы әкімшілік рәсімдерді оңайлатып, азаматтардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ресми деректерге сәйкес, жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне шамамен 400 мың қазақстандық барады. Ал бүгінде бұл елде 14 мыңға жуық Қазақстан азаматы тұрақты тұрады.

Меморандум барлық қажетті ішкі рәсімдер аяқталғаннан кейін ресми түрде күшіне енеді.

Сайт Әкімшілігі