Қоғам

Ербаян Мұхтардың қазасына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Денсаулық сақтау министрлігі әскерде ауыр жарақат алған Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты түсініктеме берді.

Фото: ашық дереккөз

Ведомство мәліметінше, Мұхтар Ербаян 2023 жылы мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде ауыр бас-ми жарақатын алған. Содан бері дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін үздіксіз күрес жүргізген.

Министрліктің хабарлауынша, науқас ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күйде болған. Қарқынды терапия мен респираторлық қолдау көрсетілгеніне қарамастан, оның жағдайы біртіндеп нашарлаған. Дәрігерлер қандағы оттегі деңгейінің төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелгенін атап өтті. Ауыр жарақат салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Министрлік науқасқа барлық қажетті реанимациялық және емдеу шаралары толық көлемде көрсетілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ Ішкі істер және Денсаулық сақтау министрліктерінің ұйымдастыруымен Ербаян Түркияға емделуге жіберіліп, онда да бастапқы диагноз расталған.

2026 жылдың маусым айында негізгі сырқат аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған.

Дәрігерлердің мәліметінше, Мұхтар Ербаянның биологиялық өлімі 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдарынан дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік болған. 

Министрлік медициналық персонал науқасқа қажетті барлық көмекті көрсеткенін, сондай-ақ туыстарының жан сақтау бөліміне кіруіне мүмкіндік жасалғанын хабарлады.

Сайт Әкімшілігі