Live

ERG-дегі мемлекеттік үлес «Самұрық-Қазынаға» берілді

Қазақстанға тиесілі Eurasian Resources Group (ERG) компаниясындағы 40 пайыздық мемлекеттік үлес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының меншігіне өткен болуы мүмкін.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы өз дереккөздеріне сілтеме жасаған қаржы сарапшысы Арман Батаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 4 тамызда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ERG-дегі мемлекеттік акциялар пакетін «Самұрық-Қазына» қорына берген.

Алайда бұл ақпаратты жариялау сәтінде мәмілені Қаржы министрлігі, «Самұрық-Қазына» немесе ERG ресми түрде растаған жоқ. ERG-дің ресми сайтында да компанияның 40 пайыздық үлесі Қазақстан үкіметіне тиесілі екені көрсетілген.

Арман Батаев маусым айында «Самұрық-Қазына» қоры республикалық мүлікке айырбас ретінде 1,4 млрд доллар көлемінде өз акцияларын орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлағанын еске салды. Сол кезде сарапшы әңгіме дәл ERG-дегі мемлекеттік үлес туралы болуы мүмкін деген болжам айтқан.

Ал Metals & ESG Trends Telegram арнасы кейін бұл акциялар қордың еншілес құрылымы – «Тау-Кен Самұрыққа» берілуі ықтимал екенін жазған. Дегенмен мұндай шешім де әзірге ресми жарияланған жоқ.

Егер бұл ақпарат расталса, мемлекеттік бақылау сақталады. Өйткені «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі. Өзгеріс тек акцияларды тікелей иеленушіде болады: оларды енді Қаржы министрлігі емес, мемлекеттік қор басқаратын болады.

ERG туралы

Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру және өңдеумен айналысатын халықаралық тау-кен және металлургия тобы. Компания Азия, Еуропа, Африка және Америкада жұмыс істейді. Онда шамамен 67 мың адам еңбек етеді.

Қазақстанда ERG құрамына:

  • «Қазхром»,

  • Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі (ССКӨБ),

  • «Қазақстан алюминийі»,

  • Қазақстан электролиз зауыты,

  • Еуразиялық энергетикалық корпорация,

  • «Шұбаркөл көмір» және басқа да кәсіпорындар кіреді.

Топ феррохром өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі саналады әрі Қазақстанда жоғары сапалы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын болып табылады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы стратегиялық мемлекеттік активтерді басқару үшін құрылған. Қордың портфеліне мұнай-газ, атом өнеркәсібі, тау-кен металлургиясы, энергетика және көлік-логистика салаларындағы ірі компаниялар кіреді.

Ал «Тау-Кен Самұрық» – қор құрамындағы тау-кен компаниясы. Ол алтын, мыс, қорғасын-мырыш, сирек және сирек жер металдары кен орындарын игеру жобаларын жүзеге асырады.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ERG