Live

«Ешбір ел жалғыз өзі табысқа жете алмайды» – Тоқаев халықаралық ынтымақтастыққа шақырды

Астанада өткен RES-2026 өңірлік экологиялық саммитінің пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге шақырды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жаһандық экологиялық сын-қатерлерді бірде-бір ел жеке дара шеше алмайтынын атап өтті.

«Біздің жаңа Конституциямыз қоршаған ортаны қорғауды мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаларының бірі ретінде айқындайды. Экологиялық қауіпсіздік пен әл-ауқат – бұл жай техникалық мәселе емес, бұл – ұлттық санамыз бен ұзақмерзімді даму стратегиямыздың ажырамас бөлігі болуы тиіс құндылық», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бірқатар бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Атап айтқанда:
– экологиялық таза энергияға көшу;
– биоалуантүрлілікті қорғау;
– тозған жерлерді қалпына келтіру;
– су ресурстарын басқару жүйесін жаңғырту;
– су үнемдеу саясатын енгізу;
– өңірлік экологиялық ынтымақтастықты нығайту.

«Ешбір ел жалғыз өзі табысқа жете алмайды. Сондықтан негізгі басымдық өңірлік және жаһандық деңгейдегі бірлескен әрекеттерге берілуі тиіс», – деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев Орталық Азия елдері ортақ экологиялық мәселелерге тап болып отырғанын мәлімдеген еді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Тоқаев