Сараптама

Ескі де жаңа Құрылтай: ендігі мәселе – есіктің қай жақтан ашылатынында

2026 жыл – қарапайым қазақстандықтар үшін күнтізбедегі кезекті 365 күн болғанымен, бұрнағы жылдардан еш айырмасы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ел билігі үшін қарбаласқа толы жыл болды.

Фото: Ақорда

 Жаңа Конституция жазып, оны референдум арқылы қабылдап, жаңа Парламент сайлауын өткізіп, оның алғашқы сессиясын ашты. Тіпті жаңа Конституцияның басты жаңалықтарының бірі болған – Вице-президент креслосына кім отыратыны да анықталды. Ең қызығы, осының бәрі өте жылдам, көзді ашып-жұмғанша жүзеге асты. 

Бәрін басынан бастайық. Негізі елде бір палаталы Парламент құрылатыны былтыр қыркүйекте айтылған. Сол мақсатта Парламенттік реформа жөніндегі комиссия құрылды. Олар Сайлау туралы, Парламент туралы заңдарды өзгертіп, Конституцияның тиісті баптарын түзетуі қажет болатын. Сөйтіп жүргенде Ата заңға енетін өзгеріс көбейіп кетті де, биыл 21 қаңтарда Конституцияны өзгертетін Конституциялық комиссия құрылды. 24 қаңтарда жұмыс бастаған комиссия 29 қаңтарға дейін іркес-тіркес 5 отырыс өткізіп, «қазіргі есеп бойынша Ата заңның 84 пайызы өзгереді екен, одан да жаңа Конституция қабылдағанымыз жөн» деген қорытындыға келді. Ал 30 қаңтарда жаңа Конституцияның жобасы таныстырылып, 31 қаңтарда ол баспасөзде жарияланды. 11 ақпанда жаңа Конституцияның қорытынды нұсқасы шықты. 15 наурызда референдум өтіп, жаңа Ата заң қабылданды.

Ал алғашқы Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті. Осы тұста да биліктің асығыстығы анық көрінді. Біріншіден, 24 тамызда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялап, қорытынды нәтиже 10 күн ішінде шығатынын айтқан. Бірақ қорытынды нәтиже сол күннің ертеңінде-ақ жарияланды. Екіншіден, алғаш Құрылтай сайлауы жарияланғанда жаңа заң шығарушы органның бірінші сессиясы қыркүйектің басында ашылатыны айтылған. Бірақ ОСК Құрылтай депутаттарын 27 тамызда тіркеп, 28 тамызда І шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы өтті.

Былайғы кез болса, 23 тамыз сайлау өткен соң қорытынды нәтижені ай аяғына қарай жариялап, Құрылтайдың алғашқы сессиясын қыркүйектің басында ашса, жарасымды болар еді. Бірақ бәрі асығыс жүріп жатыр. Сайлау өте салып, 4 күннен кейін депутаттар қызметке кірісіп кетті. Парламенттік реформа басталғаннан, қос палаталы ескі Парламент тарап, бір палаталы Құрылтай жұмысқа кіріскенге дейін 10 ай ғана уақыт өтті. Яғни бәрі тосын басталып, тез аяқталды.

Фото: Ақорда

Құрылтайдың алғашқы сессиясы

Алдымен Орталық сайлау комиссиясының қорытынды нәтижесін айтайық. Сайлауға 7 партия қатысқан, оның бесеуі 5 пайыздық межені бағындырып, Құрылтайдан мандат алды, 2 партия сүрінді. Атап айтқанда, «Әділет» партиясына – 110, «Ауылға» – 10, Respublica-ға – 9, «Ақ жол» мен ЖСДП-ға – 8 мандат бұйырды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтайдың су жаңа 145 депутатын 27 тамыз күні тіркеп, куәлігі мен төсбелгісін табыстады.

І шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, депутаттарға табыс тіледі. «Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз», – деді президент. Енді осы жиналыста Тоқаев айтқан бірнеше түйінге тоқтала кетейік.

Құрылтай сайлауы. Тоқаев «халықтың сайлауға белсене қатысқанын, саяси науқан ашық әрі әділ өтіп, сынға түскен барлық партия қоғамдық өмірге үлкен серпін бергенін» айтты. Президенттің сөзінше, қоғам кемелденіп келеді, сондықтан дәл қазір құр уәде, жалған сөз бен жалаң ұранның қажеті жоқ, ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс жоғары. «Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс», – деді Тоқаев.

«Орта держава». Президент қазір геосаяси жағдай күрделеніп, әлемдегі оқиғалар бейберекет сипатқа бет алғанын, алдымызда не боларын болжаудың қиын екенін еске салды. Салдарынан мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жаһандағы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр. Тоқаев мұндай ойын бұған дейін де бірнеше мәрте айтқан. Мысалы, былтыр күзде Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясында БҰҰ-ға реформа керек екенін атап өткен. «Осындай аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты. Әлемдік аренада «Орта державалар» деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да аталған санатқа кіреді», – деді Тоқаев. Ол жаһандық мәселелерге санаулы мемлекет қана емес, Қазақстан сияқты орта державалар да атсалысуы қажет екенін көптен бері айтып жүр.

Жасанды интеллект. Президент жасанды интеллектінің қоғам мен экономиканы түбегейлі өзгертуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамып келеді. Сондықтан Қазақстанға тек ЖИ-ді пайдаланатын емес, оны жасай алатын мамандар қажет. Тоқаев «таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам бар екенін» сөз етті.

Ұлттық қор. Президент Құрылтай сайлауы кезінде айтқан Ұлттық қор қаржысын қазіргі қажеттіліктерге жұмсау жөніндегі ойын қайталады. Оның айтуынша, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ұзақ мерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларға Ұлттық қор қаржысын пайдалану керек. Президент Қор қаражаты оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайтынына уәде беріп, «мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар тарататынын» айтты.

Қазақстан тарихы. Тоқаев «ұлт жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын» алға тартты. Президенттің сөзінше, мұндай әрекет өткенге деген сенім мен болашаққа деген үмітті әлсіретеді. «Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды», – деді президент.

Құрылтайдың қызметі. Ата заңға сай Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген. Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есебін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Сондай-ақ депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.

Өздеріңіз білесіздер, бұрынғы қос палаталы Парламент 1 шілде күні тарағанға дейін 2-3 айдың ішінде көптеген заң, кодекстерге өзгеріс енгізген. Енді сол жұмысты Құрылтай жалғастырып, маңызды заңнамаларды жаңа Ата заңға бейімдеуі қажет. Тоқаев депутаттарға жұмыс барысында жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланып, «Е-Parliament» сияқты цифрлы технологияларға көшуді тапсырды.

Сондай-ақ президент өз сөзінде «Алтын визаны» енгізу, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу, баламалы энергия көздерін дамыту және тағы да басқа мәселелер туралы айтты.

Үкімет отставкаға кетті. Тоқаев Ата заңға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатқанын айтты. Бірақ бұған дейін президент қазіргі Үкімет жұмысына көңілі толатынын, министрлер кабинетінде үлкен өзгеріс болмайтынын мәлімдеген. Шамасы осы сөз шындыққа айналатын сияқты. 31 тамыз күні Тоқаев премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты басым дауыспен қолдап, Бектенов бұрынғы лауазымын сақтап қалды.

Фото: Ақорда

Дүйсенбінің таңында вице-президент креслосына кім жайғасатыны да белгілі болды. Бұған дейін Мемлекеттік хатшы, Мемлекеттік кеңесші және Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған Ерлан Қарин жаңа Конституциядан кейінгі Қазақстанның тұңғыш Вице-президенті атанды. Мұндай лауазым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған, бірақ 1996 жылы жойылды.

Фото: Әділет

Айтпақшы, 28 тамызда Тоқаев Құрылтай төрағасы лауазымы бұрынғы Президент әкімшілігінің басшысы, қазіргі «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынған. Ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдап, Дәдебай жаңа заң шығарушы органның тұңғыш спикері атанды. Енді президент жыл сайынғы Жолдауын жариялайды, одан кейін Үкіметті жасақтау қажет. Ал қыркүйектің екінші жартысында Халық кеңесі жасақталады.

Алғашқы сессия қалай өтті?

Тоқаевтың сөзі аяқталған соң депутаттар І шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының алғашқы отырысын өткізді. Жиында Құрылтай төрағасы мен оның орынбасарлары сайланып, тұрақты комитеттердің саны, атауы және олардың төрағалары анықталды.

Отырыс депутаттардың Қазақстан халқына ант беруінен басталды. Ант беру рәсімі әдеттегідей тосын оқиғаларға толы болды. Ант мәтінін анық оқи алмай, тілі күрмелген, сөзінен жаңылған, тіпті ант беретін орынды таба алмай, президент отыратын мінберге ұмтылған депутаттар болды. Осы тұста ант мәтінінің қазақшасы түсініксіз екенін айта кеткен жөн. Мәтін мынадай: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін». Осындағы «депутаттың өзіне жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін» деген сөзін түсіну қиын. Филолог мамандар мұны «өзіме жүктелген депутаттың мәртебелі міндеттерін адал атқаруға» немесе «депутат ретінде маған жүктелген мәртебелі міндеттерді адал атқаруға» деп өзгерту керек екенін айтады.

145 депутаттың ант қабылдау рәсімі 2 сағатқа созылды. Рәсімді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров жүргізді. Осыдан кейін Құрылтай төрағасы мен орынбасарлары сайланды. Төрағаның кандидатурасын президент ұсынған. Бұл кандидатураны 144 депутат қолдап дауыс берді (бір бюллетень жарамсыз болып қалған). Ал төраға орынбасары қызметіне Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева кірісті. Бекназаров пен Зәкиева – «Әділеттің» өкілі, ал Еспаева – «Ақ жолдың» төрағасы. Бекназаров бұған дейін Сенат депутаты болған, Зәкиева бұрын Мәжіліс депутаты болып, кейін Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. Ал Еспаева бұған дейін де Мәжіліс төрағасының орынбасары болған.

Сондай-ақ Құрылтайда 8 тұрақты комитет жасақталды. Атап айтқанда, Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар (төрағасы – Серік Егізбаев), Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары (Үнзила Шапақ), Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік (Марат Қожаев), Өңірлік және инфрақұрылымдық даму (Әмірбек Оспанбеков), Әлеуметтік-мәдени даму (Асхат Аймағамбетов), Қаржы және бюджет (Ольга Перепечина), Цифрландыру, инновациялар және ғылым (Дархан Ахмедиев), Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитеті (Наталья Годунова). Айтпақшы, «ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 36-бабына сәйкес, комитеттердің бірінің төрағасы Құрылтайдағы оппозиция атынан сайланған депутат болуы тиіс. Осы заңға орай Егізбаев («Ауыл») комитет басқарғалы отыр.

Роза Өміртай

Өміртай Роза, заң ғылымдарының кандидаты, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің қауымдастырылған профессоры, адвокат: Құрылтайдан сапалы заңдар күтеміз

Биыл наурызда жаңа Ата заң қабылданды, соған сай мемлекеттің Конституциялық құрылымына бірқатар өзгеріс болып жатыр. Сол маңызды өзгерістердің бірі – Құрылтайдың құрылуы. Бірақ оның аты өзгергенімен, заты өзгерген жоқ, заң шығарумен айналысатын мемлекеттік биліктің бір тармағы ретінде жұмысын жалғастырады. Екі палаталы Парламентке қарағанда қазіргі Құрылтайдың қызметі тиімді болады деп ойлаймын, себебі бұрынғы Парламентте қос палата бір-біріне жалтақтап отыратын.

Бұрын заң қабылдау кезінде заң жобасын Үкімет пен Мәжіліс дайындайтын. Сенаттың қызметі сол заңның жалпы талаптарға сәйкес келетін-келмейтінін бақылау, сондай-ақ Конституциялық сот заң жобасының Конституцияға сәйкес келетіні жөнінде баға берген соң қабылдап, президенттің қол қоюына жіберу болатын. Ал қазіргі жүйе бойынша заң жобасын дайындауда Үкімет пен Құрылтайға салмақ түседі. Бір палаталы Құрылтайда заңды қабылдау барсы жылдамдайды деп ойлаймын. Қағазбастылық, ұзақ күту, қол қою, келісім алу деген сияқты қадамдарға да тосқауыл қойылмақ.

Сондай-ақ Құрылтайдың құрамындағы депутаттардың сәл жасарғанын, әйелдер қауымының көбейгенін байқап отырмыз. Бірақ мәселе санда емес, сапада екенін ескерген жөн. Алдыңғы Парламентте нәтижелі қызмет еткен кей депутат Құрылтайдан да мандат алды, мұны қолдауға болады. Бірақ кейбір заң шығару ісінен еш хабары жоқ, тіпті халықтың алдында дұрыстап ант беруге дәрмені жетпейтін адамдардың Құрылтайға өтіп кеткені қынжылтады.

Осының алдындағы Мәжіліске депутаттар екі түрлі сайлау қағидасы – мажоритарлы және пропорционалды жолмен өткен. Ал Құрылтайға мажоритарлық жолмен өтуге тосқауыл қойылды. Менің ойымша, мажоритарлық жүйені дамыту мемлекеттің дамуына үлкен үлес қосатын қадам еді. Бірақ не үшін екені белгісіз, бұл тәсіл сайлау жүйесінен алынып тасталды. Бұл азаматтардың сайлау және сайлану құқығын Конституциялық құқықтық тұрғыдан шектеп отыр. Өйткені мажоритарлық жүйенің жойылуының нәтижесінде азаматтар тікелей сайлану құқығынан айырылып қалды деп ойлаймын. Көптеген кәсіби маманның депутаттыққа баруына жол жабылып қалған сияқты.

Ал партиялық жүйе бойынша сайлау партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтуі мүмкін. Құрылтай мен бұрынғы Парламенттің арасында депутаттардың саны бойынша және сайлау қағидасы бойынша айырмашылық бар. Сондай-ақ Құрылтай депутаттары бірқатар лауазым иесін қызметке тағайындау және босатуға дауыс береді. Бұл ірі шенділердің қызметке келуі тіке тағайындаудан гөрі сайлау деген аты бар бағытқа ауысып жатқанын аңғартады.

Бір палаталы Парламенттен не күтеміз? Ең алдымен сапалы заңдар мен ел игілігіне жарайтын қадамдар күтеміз. Сондай-ақ Үкіметтің алдына сапалы міндеттер қойып және Үкіметтен есеп талап ете алуы қажет. Яғни формальді емес, нақты қадамдар жасағанын күтеміз.

Конституция қағаз жүзінде қалмауы керек. Мектеп оқушыларынан тартып, әрбір адамның конституциялық білімі болуы қажет. Конституция негіздері пәнінің мектеп бағдарламасына енгенін қолдаймын. Өйткені бұл халықтың құқықтық санасының өсуіне ықпал етеді. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын білгені жөн.

Фото: Әділет

Құрылтайға кімдер өтті?

Құрылтайға сайланған 145 депутаттың ерлер – 96 (66,2 пайыз), әйелдер – 49 (33,8 пайыз). Депутаттардың орташа жасы – 48. Ең жас депутат – 28 жастағы Динара Наумова (Respublica). Ал ең егдесі – Дания Еспаева («Ақ жол»). 145 депутаттың 32-сі бұған дейін Мәжілісте отырған. Оның ішінде 28 адам Мәжілістің VIII шақырылымында жұмыс істеді.

«Әділет» атынан сайланған 110 депутаттың 20-сы бұрын Мәжілісте отырған. Олардың арасында Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжанов, Марат Башымов, Динара Зәкиева, Снежанна Имашева, Сергей Пономарев, Максим Рожин, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Үнзила Шапақ, Никита Шаталов, Константин Авершин, Юлия Кучинская, Татьяна Савельева сияқты «экс-аманаттық» депутаттар бар.

«Әділеттің» әу бастағы кандидаттар тізімінде Ерлан Қарин, Бағдат Мусин, Динара Закиева, Жұлдыз Сүлейменова, Рауан Кенжеханұлы, Дәулет Кәрібек, Шахмұрат Мүтәліп, Андрей Лаврентьев, Мұрат Әбенов қатарлы танымал тұлғалар болған еді. Бірақ олар Құрылтайға өте алмады. Есесіне, Дихан Қамзабекұлы, Ирина Тен, Айжан Аймағанова, Карлығаш Жаманқұлова, Дана Медеуова сияқты адамдар депутат атанды.

Сондай-ақ Құрылтайға өтпей қалған бұрынғы депутаттар тізіміне «Ақ жолдың» экс-төрағасы Азат Перуашев (2012 жылдан бері мандаттан қағылмаған), осы партияның белсенді мүшесі Қазыбек Иса; «Ауылдың» белгілі өкілдері Қарақат Әбден, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықовты қосуға болады. Айтпақшы, ЖСДП төрағасының орынбасары Тазабек Сәметбай, Respublica партиясы ұсынған блогер Бейбіт Әлібеков пен әнші Азамат Маркленовқа да мандат бұйырмады.

Жаңадан сайланған Құрылтай депутаттары жұмысқа кірісіп кетті. Бірақ «халық қалаулылары» халықтан алыстап кеткендей көрінеді. Жаңа тәртіп бойынша журналистердің парламент кулуарында депутаттарға сұрақ қоюына тыйым салынды. Енді БАҚ өкілдері депутаттарға тек баспасөз конференцияларында әрі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ғана сұрақ қоя алады. Әлеуметтік желіде қызыл лентаға қамалып тұрған бір топ журналистің суреті қызу талқыланып жатыр. Демек, енді депутаттарды дәлізде бұрынғыдай «қуалап» жүріп, сұрақ қою мүмкін емес.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі