«Есірткісіз қала» қалай қалыптасады: Шымкенттегі күрестің бір күні
Есірткінің көзге көрінбейтін, бірақ қоғамға біртіндеп әсер ететін тағы бір қыры – есірткіні насихаттайтын жазбалар, қабырғалардағы жарнамалар, әлеуметтік желідегі жасырын хабарламалар мен интернеттегі заңсыз саудаға жол ашатын сілтемелер.
Мұндай ақпараттық іздер әсіресе жастар жиі жүретін аумақтарда қауіпке баланады. Өйткені бір қарағанда жай ғана жазу болып көрінгенімен, оның ар жағында есірткі нарығына жаңа тұтынушылар тартуға бағытталған жүйе тұруы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, «Шымкент – есірткісіз қала» акциясы аясында Шымкентте бес ауданның қабырғалары тазартылды. Іс-шара барысында қала бойынша есірткі құралдары мен психотроптық заттарды насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды. Акцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындарды қоса алғанда, үш мыңға жуық адам қатысқан. Қатысушылар қаланың барлық ауданын қамтып, тұрғын үйлердің қабырғалары, қоршаулар мен басқа да нысандарды тексерді.
Шын мәнінде, қабырғадағы есірткі жарнамасы – есірткі бизнесінің қоғамға көрінетін ең қарапайым белгілерінің бірі ғана. Оның артында адамдарды анонимділікке сендіретін, тауарды жасырын жеткізуге уәде беретін және әсіресе тәжірибесі аз жастардың қызығушылығын оятуға тырысатын күрделі коммуникация тәсілдері болуы мүмкін. Дегенмен есірткімен күрестің нәтижесін тек өшірілген жазулардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Бүгін жойылған жарнаманың орнына бірнеше күннен кейін жаңа жазу пайда болуы мүмкін. Демек, мәселені түпкілікті шешу үшін тек себептерімен де жұмыс істеу қажет. Есірткі бизнесінің өміршең болуының бір себебі – оған деген сұраныстың сақталуы. Ал сұранысты азайту үшін жазалау шараларымен қатар алдын алу, ағарту, психологиялық көмек, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және тәуелділікке тап болған адамдарды емдеу мен қайта әлеуметтендіру тетіктері де қатар дамуы керек. Сондықтан әлем елдерінің тәжірибесі де есірткі мәселесін тек полиция жұмысы арқылы шешу мүмкін еместігін көрсетеді. Әртүрлі мемлекеттер өздерінің құқықтық жүйесі мен қоғамдық жағдайына қарай түрлі модельдерді қолданады. Мысалы, Швейцарияда есірткі саясаты профилактика, емдеу, зиянды азайту және құқық қорғау шараларын қатар қамтитын кешенді тәсілге негізделген. Португалияда да есірткіні тұтыну мәселесіне денсаулық сақтау тұрғысынан қарауға басымдық берілген, ал ауыр тәуелділік жағдайында адамды емдеуге және әлеуметтік қолдауға бағытталған тетіктер қолданылады. Бұл елдердің тәжірибесін Қазақстанға сол күйінде көшіру қажет деген сөз емес. Керісінше, халықаралық тәжірибе бір нәрсені көрсетеді: есірткі мәселесі тек қылмыстық-құқықтық категорияға сыймайды, оның медициналық, әлеуметтік және психологиялық өлшемдері де бар.
БҰҰ-ның деректер базасында мемлекеттердің есірткіге қатысты заңнамасы мен саясаты бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетіні көрінеді. Бірқатар елдер жаңа психобелсенді заттарға қатысты арнайы заңдар енгізсе, кей мемлекеттер заттардың жеке атауларымен қатар тұтас химиялық топтарды бақылауға мүмкіндік беретін құқықтық тәсілдерге көшкен. Бұл есірткі нарығының өзгермелі сипатына байланысты. Бір зат заңмен тыйым салынғаннан кейін оның химиялық құрылымы сәл өзгертілген жаңа нұсқасы пайда болуы мүмкін. Сондықтан әлемде есірткі саясаты тек дайын тізімді толықтырумен шектелмей, жаңа қауіптерді ерте анықтау жүйелеріне, ақпарат алмасуға және ғылыми мониторингке де сүйеніп келеді. Мәселен, халықаралық сарапшылар есірткіге байланысты жаңа қауіптерді бақылауда полиция мен денсаулық сақтау саласының өзара байланысын күшейту, ерте ескерту жүйелерін дамыту және мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасуды жолға қою қажеттігін атап өтеді. Себебі қазіргі есірткі нарығы мемлекеттік шекарамен шектелмейді. Бір елде пайда болған жаңа зат немесе оны таратудың жаңа тәсілі қысқа мерзім ішінде басқа нарықтарға да таралуы мүмкін.
Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де маңызды. Өйткені есірткі жарнамасы бүгін қабырғада, ертең интернетте, ал одан кейін жабық цифрлық қауымдастықтарда пайда болуы мүмкін. Осыған байланысты есірткіге қарсы күрестің дәстүрлі формалары цифрлық ортадағы мониторингпен толықтырылуы тиіс. Қабырғадағы жазуды өшіру оңайырақ көрінгенімен, интернеттегі жасырын жарнамамен күрес әлдеқайда күрделі. Сонымен қатар алдын алу жұмысының тағы бір маңызды бағыты – отбасы мен мектептің рөлі. Жасөспірімнің есірткіге қызығушылығы көбіне бір сәтте пайда болмайды. Оған әлеуметтік орта, құрдастарының ықпалы, отбасындағы қарым-қатынас, психологиялық қиындықтар, жалғыздық, күйзеліс немесе өзін қоғамда таба алмау сияқты факторлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан мектептегі профилактикалық дәрістерді формалды шарадан нақты диалог алаңына айналдыру қажет. Жасөспірім қиын жағдайға түскен кезде кімнен көмек сұрай алатынын да білуі керек. Бұл жерде психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, ата-аналар және педагогтер арасындағы байланыс маңызды. Шымкенттегі «Шымкент – есірткісіз қала» акциясы осы бағыттардың алғашқы буынын, яғни заңсыз есірткі жарнамасына қарсы қоғамдық бақылауды күшейтудің нақты мысалы болды. Бұған дейін де қалада осындай бағыттағы жұмыстар жүргізілген. Мысалы, халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған акция кезінде Шымкенттің барлық ауданында мониторинг жүргізіліп, 300-ге жуық наркограффити анықталып, жойылған болатын. Бұл бір реттік рейдтен гөрі, тұрақты бақылаудың қажеттігін көрсетеді.
С.Бақберген
Шымкент қаласы