Еурокомиссия басшысы: Венгрия еуропалық жолға қайта оралды
Еурокомиссия (ЕК) төрайымы Урсула фон дер Ляйен жексенбі, 12 сәуірде Мажарстандағы парламенттік сайлауда алда келе жатқан және алдын ала мәліметтер бойынша конституциялық көпшілікке ие болатын оппозицияшыл Петер Мадьярдың «Тиса» партиясының жеңісін құттап қарсы алды.
«Мажарстан Еуропаны таңдады. Еуропа әрқашан Мажарстанды таңдайтын», — деп жазды ол X әлеуметтік желісінде ағылшын және мажар тілдерінде жазба қалдырып.
ГФР канцлері Фридрих Мерц те Мадьярды құттықтады.
«Қуатты, қауіпсіз және ең бастысы — біртұтас Еуропа жолында ынтымақтастық орнатуды асыға күтемін», - деп атап өтті Германия үкіметінің басшысы X желісінде.
Макрон Мадьярға телефон соқты
Франция президенті Эмманюэль Макрон X желісінде Петер Мадьярмен телефон арқылы сөйлесіп, оны құттықтағанын хабарлады. Француз лидері мажар саясаткерін «неғұрлым егемен Еуропаны» бірлесе ілгерілетуге шақырды.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Петер Мадьярды сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Италия үкіметі оның жұмысына табыс тілейді, деп жазды ол X желісінде. Жазбасында ол сондай-ақ Виктор Орбанға соңғы жылдардағы қарқынды ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, оны өзінің досы деп атады.
Ұлыбритания премьері: Бұл — тарихи сәт
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Мажарстандағы оқиғаларды тарихи сәт деп атады. «Бұл тек Мажарстан үшін ғана емес, бүкіл еуропалық демократия үшін тарихи сәт», - деп атап өтті ол X желісінде.
Сондай-ақ, ол екі елдің қауіпсіздігі мен гүлденуі үшін мажарлық әріптесімен бірге жұмыс істейтінін жеткізді.
Сайлау учаскелеріндегі рекордты көрсеткіш
Сайлау комиссиясы өкілдерінің бағалауынша, сайлаушылардың келуі рекордтық 79%-ды құрады.
Дауыстардың 91,9%-ын санау нәтижесі бойынша, «Тиса» партиясы 53,72%-дан астам дауыс жинап, Виктор Орбанның биліктегі «Фидес» партиясының (37,67%) алдына шықты.
Сайлау комиссиясы бұған дейін нақтылағандай, оппозиция лидері Петер Мадьяр мен оның оңшыл-орталықшыл «Тиса» партиясы жаңа парламенттегі 199 орынның 138-іне ие болуы мүмкін — бұл дауыстардың үштен екісінен астамы.
Орбан жеңілгенін мойындады
Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан жеңілісін мойындады.
«Не болса да, біз тіпті оппозицияда жүріп те елге қызмет ететін боламыз», - деп мәлімдеді ол 12 сәуір күні кешке Будапешттегі жақтастарының алдында.