Еурокомиссия Ресейден обаға қатысты эпидемиологиялық мәліметтерді жариялауды талап етті
Еурокомиссия Ресей билігін Сібірдегі зертханада болған жағдайға қатысты ашық әрі нақты есеп беруді сұрады. Мәлімдеме 7 қазанда Брюссельде өткен брифингте жасалды.
Еурокомиссияның ресми өкілі Ресейден оқиғаға қатысты эпидемиологиялық және микробиологиялық деректерді мүмкіндігінше қысқа мерзімде жариялауды сұрады. Бұл талап Иркутскідегі обаға қарсы институт қызметкері Дарья Шипилованың кенеттен қайтыс болуынан кейін айтылды.
Бұған дейін ресейлік БАҚ-та 28 жастағы зертхана қызметкерінің өліміне обаға күдік болғаны туралы ақпарат тараған. Кей мәліметтерде әйелдің биоматериал жинау кезінде қауіпті бактериясы бар пробирканы байқаусызда сындырып алғаны айтылған.
Алайда ресми мәлімет бойынша, әйелдің өлім себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде көрсетілген. Оба диагнозы ресми түрде расталған жоқ.
Оқиғадан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейден қосымша ақпарат сұрап, оба жағдайына байланысты Ресей мен Еуропа елдеріне төнетін қауіпке баға берген. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де инфекцияның елге әкеліну қаупіне байланысты тиісті шаралар қабылданғанын хабарлаған.