Руханият

Euronews қазақ тілінде ақпарат тарата бастайды

Астанада Euronews халықаралық жаңалықтар арнасының қазақ тілінде ақпарат таратуына орай ресми таныстырылым өтті.

Фото: Euronews

Қазақ тілі Euronews арнасында тұрақты хабар таратылатын 14 тілдің қатарына қосылды. Бұл – Орталық Азия халықтарының тілдері арасында алғаш рет жүзеге асқан бастама. Таныстырылымға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид және Euronews агенттігінің Астанадағы бюро жетекшісі Боян Бркич қатысты. Іс-шара барысында Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов бұл жобаның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, отандық ақпарат кеңістігін дамытуға және қазақтілді аудиторияның халықаралық сапалы ақпарат тұтынуына ықпал ететінін атап өтті.

«Euronews телеарнасының қазақ тіліндегі ақпарат тарата бастауы – еліміздің ақпарат кеңістігі үшін айтулы оқиға. Әлемдегі жетекші халықаралық жаңалықтар арналарының бірі алғаш рет Қазақстанның мемлекеттік тілінде халықаралық жаңалықтарды тұрақты түрде ұсынатын болады», – деді Қанат Ысқақов.

Өз кезегінде Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давид қазақ тіліндегі жаңалықтардың іске қосылуы арнаның көптілді хабар тарату аясын кеңейтуге және әлемнің әр түкпіріндегі аудиторияға тәуелсіз халықаралық ақпаратқа еркін қол жеткізуіне бағытталған ұстанымының айқын көрінісі екенін айтты.

«Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі серіктестеріміздің бірі. Осы жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне алғысымызды білдіреміз. Екіжақты әріптестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғасатынына сенімдімін», – деді Педро Варгас Давид.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде қазақ тіліндегі жаңалықтар жұмыс күндері Euronews-тің YouTube арнасында жарияланып тұрады. Алдағы уақытта қазақ тіліндегі жаңалықтар өзге де медиаплатформаларда, оның ішінде телеэфирде де кезең-кезеңімен көрерменге жол тартады. Сондай-ақ Euronews халықаралық жаңалықтарының шамамен 90 пайызы қазақ тіліне бейімделіп ұсынылады.

Сонымен қатар 6-8 шілде аралығында Астанада Euronews-тің Азия елдеріндегі редакцияларының алғашқы өңірлік семинары өтіп жатыр. Қатысушылар өңірлік редакциялар арасындағы әріптестікті нығайту, кәсіби тәжірибе алмасу және Euronews желісінің Азиядағы жұмыс аясын кеңейту мәселелерін талқылауға бас қосты.

Еске салайық, Euronews-тің Астанадағы кеңсесі 2024 жылдың күзінде жұмысын бастады. Бүгінде ол халықаралық телеарнаның жергілікті бағдарламаларын әзірлейтін әрі әлемнің түкпір-түкпіріне таратылатын өңірлік контентті дайындайтын маңызды орталықтың қызметін атқарып келеді.

Сайт Әкімшілігі