Live

Еуропадағы аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам көз жұмды

Маусым айының соңында Еуропаны шарпыған аптап ыстық салдарынан 10 мыңнан астам адам қайтыс болды.

Фото: из открытых источников

Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қолдауымен жұмыс істейтін EuroMOMO еуропалық өлім-жітімді мониторингілеу бағдарламасының деректеріне сілтеме жасаған Deutsche Welle хабарлады.

Мамандардың айтуынша, аптап ыстықтан көз жұмғандардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар. Қаза болғандардың 9 мыңнан астамы 65 жастан асқан азаматтар.

Дәрігерлердің түсіндіруінше, ауа температурасының күрт көтерілуі тек күн өту қаупін арттырып қана қоймай, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйесі ауруларының асқынуына да себеп болады. Мұндай жағдайды қарт адамдар ең ауыр көтереді.

Зерттеушілер Еуропаның 27 еліндегі статистиканы саралаған. Соңғы маусым аптасында «артық өлім-жітімнің» ең жоғары көрсеткіші Франция мен Бельгияда тіркелген.

Жекелеген елдердегі зерттеулер де алаңдатарлық мәліметтерді көрсетіп отыр:

  • Германияда Роберт Кох институтының мәліметінше, маусымдағы аптап ыстықтан шамамен 5100 адам көз жұмған. Қайтыс болғандардың 80 пайыздан астамы 75 жастан асқан, олардың басым бөлігі – әйелдер.

  • Ұлыбританияда (Англия мен Уэльсте) аптап ыстық салдарынан шамамен 2700 адам қайтыс болған.

  • Еуропаның 12 ірі қаласы бойынша жүргізілген жеке зерттеу Милан, Париж және Барселона тұрғындары ең көп зардап шеккенін көрсетті. Бұл үш қалада жалпы 2300-ге жуық адам көз жұмған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Аптап ыстық