Еуропадағы жанармай мамырдың соңына дейін ғана жетеді — ХЭА басшысы
Егер Иранмен соғыс салдарынан мұнай жеткізілімі бұғатталған күйінде қалса, Еуропадағы авиациялық отын қоры шамамен алты аптаға ғана жетеді.
Бұл туралы Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) басшысы Фатих Бироль мәлімдеді.
«Салдары бензин, газ және электр энергиясының қымбаттауына әкеледі»
Фатих Бироль мұнай, газ және басқа да маңызды ресурстардың Ормуз бұғазы арқылы жеткізілуінің тоқтауын «ең ірі энергетикалық дағдарыс» деп атады.
— Бұрын «дағдарыс режимі» деген ұғым болған. Қазір бұл — «сыни режим», және оның жаһандық экономикаға әсері өте ауыр болады. Бұл жағдай қанша ұзаққа созылса, әлемдегі экономикалық өсім мен инфляцияға соғұрлым кері әсер етеді. Нәтижесінде бензин, газ және электр энергиясының бағасы өседі, — деді ол.
Бирольдің айтуынша, экономикалық қиындықтар ең алдымен дамушы елдерге, соның ішінде Азия, Африка және Латын Америкасындағы кедей мемлекеттерге ауыр тиеді.
Оның сөзінше, Иранмен қақтығыс реттелмейінше және Ормуз бұғазы арқылы жеткізілімдер қалпына келмейінше, бұл дағдарыс барлық елдерге әсер етеді. Яғни, ешбір мемлекет бұл жағдайдан тыс қала алмайды.
— Еуропада ұшақтарға арналған отын шамамен алты аптаға ғана жетеді. Егер Ормуз бұғазы ашылмаса, жақын арада А нүктесінен В нүктесіне ұшатын кейбір рейстердің отын тапшылығына байланысты тоқтатылатыны туралы жаңалықтарды естуіміз мүмкін, — деп ескертті ХЭА басшысы.
«Энергетикалық жүйені қалпына келтіру екі жылға дейін созылуы мүмкін»
Бирольдің айтуынша, Парсы шығанағында тұрған 110-нан астам мұнай танкері мен 15-тен астам сұйытылған газ тасымалдаушы кемелер Ормуз бұғазы арқылы әлемдік нарыққа шыға алса, энергетикалық дағдарысты біршама жеңілдетуге мүмкіндік болар еді.
— Аймақтағы 80-нен астам маңызды нысан зақымданған. Соның үштен бірінен астамы қатты немесе өте ауыр бүлінген. Тіпті бейбіт келісім жасалған күннің өзінде, энергетикалық инфрақұрылымға келген зиян өндірісті бұрынғы деңгейге жеткізу үшін бірнеше ай қажет ететінін көрсетеді, — деді ол.
ХЭА басшысы дағдарысқа дейінгі жағдайға толық оралу кезең-кезеңімен жүретінін және оған шамамен екі жыл қажет болуы мүмкін екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жаһандық дағдарыс баламалы энергетика, соның ішінде атом энергетикасының дамуын жеделдетіп, алдағы жылдары әлемдік энергетикалық картаны өзгертуі мүмкін екенін айтты.