Еуропалықтар Қазақстанмен кездесуге өздері сұранып отыр – Көшербаев
Еуропалық компаниялар Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы Брюссельге жасаған жұмыс сапары барысында Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Еуропа Қазақстанның сауда және инвестиция саласындағы ең ірі серіктесі болып қала береді. Оның сөзінше, қазіргі әріптестік деңгейін сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеру басты мақсаттардың бірі.
Көшербаев сапар аясында мемлекет басшысы еуропалық жетекшілермен бірқатар саяси кездесулер өткізгенін айтты. Сонымен қатар бизнес-форумдар мен экономикалық келіссөздер барысында жалпы құны 12 миллиард долларды құрайтын маңызды құжаттарға қол қойылған.
Министрдің сөзінше, еуропалық инвесторлар Қазақстанмен әріптестік орнатуға өздері бастама көтеріп отыр.
«Еуропалықтар кездесулерге өздері қызығушылық танытып, ұсыныстар білдіруде. Бұған дейін де осындай келіссөздер өткен, олардың өкілдері Қазақстанға тұрақты түрде келіп тұрады», - деді ол.
Сондай-ақ Ермек Көшербаев Бельгия королінің Қазақстанға ресми сапары күз мезгіліне жоспарланғанын хабарлады. Министр Бельгиямен екіжақты қарым-қатынас пен Еуроодақ институттарының қызметін ажырата қарау қажет екенін атап өтті, өйткені Брюссель Еуропалық кеңес пен Еурокомиссияның штаб-пәтері болып саналады.