Live

Фиджи АИТВ-ның таралуына байланысты ұлттық дағдарыс жариялады

Фиджи билігі елде АИТВ жұқтырғандар саны күрт өскеннен кейін жағдайды ұлттық дағдарыс деп жариялады.

Фото: Фиджи Денсаулық сақтау министрлігі

 2025 жылы жаңадан анықталған жағдайлар саны бір жылда 27 пайызға артқан. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Үкімет мәліметінше, былтыр Фиджиде 2016 адамнан АИТВ анықталған. Қазіргі есеп бойынша, елдегі әрбір 60 ересек адамның біреуі АИТВ-мен өмір сүреді.

Жағдайдың ең алаңдатарлық тұсы – инфекцияның балалар арасында да тіркелуі. 2025 жылы 59 сәби АИТВ-мен дүниеге келген, олардың 18-і бір жасқа толмай қайтыс болған.

9 мыңнан астам адам АИТВ-мен өмір сүреді

БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі біріккен бағдарламасы – UNAIDS дерегінше, шамамен 900 мың халқы бар Фиджи қазір АИТВ жұқтыру көрсеткіші ең жылдам өсіп жатқан елдердің бірі саналады.

Ұйымның бағалауынша, 2025 жылы елде шамамен 9100 адам АИТВ-мен өмір сүрген. Алайда олардың тек 39 пайызы ғана өзінің АИТВ мәртебесін білген, ал небәрі 22 пайызы антиретровирустық ем қабылдаған. 

Бұған дейін елдегі індет негізінен инъекциялық есірткі қолданатын адамдар арасында таралған болса, қазір инфекцияның халықтың басқа топтарына да кеңірек таралып жатқанына алаңдаушылық күшейген.

Жұғу жолы анықталған жағдайлардың жартысынан астамы жыныстық қатынас арқылы, ал 42 пайыздан астамы инъекциялық есірткі қолданумен байланысты болған.

Үкімет арнайы комиссия құрды

Фиджи билігі АИТВ-ға тегін, ерікті әрі құпия тестілеуді кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге инфекция жұқтыру қаупін төмендететін PrEP профилактикалық препараттарына қолжетімділік арттырылмақ.

Инъекциялық есірткі қолданатын адамдар арасында инфекцияның таралуын азайту үшін ине мен шприц алмасу бағдарламасын енгізу және басқа да зиянды азайту шаралары қарастырылған. Үкімет мәселені шешуге кедергі келтіретін факторларды жою үшін бес министрден тұратын арнайы комитет құрды.

UNAIDS атқарушы директоры Винни Бьянима Фиджидегі жағдайды әлем үшін ескерту деп атады.

«Бұл – ЖИТС індетінің әлі аяқталмағанын әлемге тағы бір рет еске салатын жағдай», – деді ол.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Фиджидегі әрбір 60 ересек адамның біреуі АИТВ-мен өмір сүреді деген көрсеткіш Африканың кейбір өңірлерінен әлі де төмен. Африканың бірқатар бөлігінде шамамен әрбір 35 ересек адамның біреуі АИТВ-мен өмір сүреді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Фиджи ВИЧ