спорт

Францияда ӘЧ-2026 жартылай финалындағы жеңілістен кейін жаппай тәртіпсіздік басталды

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Франция құрамасының жеңілуінен кейін елдің бірқатар ірі қаласында, соның ішінде Парижде жаппай тәртіпсіздіктер болды.

Фото: ашық дереккөз

Техас штатында өткен жартылай финалда Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен жеңді. Голдарды 22-минутта пенальтиден Микель Оярсабаль, ал 58-минутта Педро Порро соқты. Осылайша Франция қатарынан үшінші әлем чемпионатының финалына шығу мүмкіндігінен айырылды.

Басылымдардың мәліметінше, ойын аяқталғаннан кейін жанкүйерлер ұлттық құраманың бас бапкері Дидье Дешамды команданың шабуылдағы әлсіз ойыны үшін, ал капитан Килиан Мбаппені сәтсіз өнер көрсеткені үшін қатаң сынға алды.

Көшелерде тәртіпсіздік басталды

Көп ұзамай Францияның бірнеше қаласында жанкүйерлер көшеге шығып, тәртіпсіздік ұйымдастырды. Ашулы топтар көшедегі инфрақұрылымды қиратып, автокөліктер мен қоқыс жәшіктерін өртеген.

Париждің Елисей алаңында және қаланың басқа да маңызды орындарында полиция тәртіпсіздікті басу үшін арнайы құралдар мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Әлеуметтік желілерде өртенген көшелер мен полиция мен наразылар арасындағы қақтығыстардың видеолары кең тарады.

Сарапшылардың айтуынша, ірі футбол матчтарынан кейінгі жаппай тәртіпсіздік Францияда жиілеп бара жатқан құбылысқа айналған. Бұған дейін 2026 жылдың мамырында ПСЖ Чемпиондар лигасын жеңіп алғаннан кейін де елде ауқымды тәртіпсіздік болып, 200-ден астам адам зардап шегіп, 900-ге жуық адам ұсталған еді. Сондай-ақ Франция құрамасы әлем чемпионатының ширек финалында Марокконы жеңгеннен кейін де осындай оқиғалар тіркелген.

Сайт Әкімшілігі