Сараптама

FT: әскери қолбасшылық Путинді Донбасты күзге қарай басып алатынына сендірген

Ресейдің әскери қолбасшылығы президент Владимир Путинді бүкіл Донбасты, яғни Украинаның Донецк облысын, күзге қарай толық басып алатынына сендірген.

Фото: скриншот

 Бұл туралы Financial Times Ресей басшысымен байланыста болған екі дереккөзге, жағдайдан хабардар тағы екі адамға және Украина барлауының бағалауына сүйеніп жазды.

Басылым сұхбаттасқан дереккөздердің айтуынша, Донбасты басып алу мүмкін болған жағдайда Путин кез келген атысты тоқтату келісімінің «бағасын көтеруді» жоспарлап отыр. Украина Қорғаныс министрлігі Бас барлау басқармасы бастығының орынбасары Вадим Скибицкийдің пікірінше, Донбастағы табыс Кремльге жаңа аумақтық талаптар қоюға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Ресейге Запорожье және Херсон облыстарын беруді талап етуі мүмкін. Бұл өңірлердің едәуір бөлігі әлі де Украинаның бақылауында. Ал Мәскеу ресми түрде бұл аумақтарды өзінікі деп санайды.

Басылыммен сөйлескен, Путинмен әңгімелескен екі дереккөздің айтуынша, Ресей президентінің Донбасты басып алуға деген ұмтылысы күшейіп барады. Бұл соғыстың бастапқы кезеңінде оның жеке әңгімелерде ұрыс қимылдарын қазіргі майдан шебінде тоқтатуға дайын екенін білдіргеніне қарамастан болып отыр.

«Мен оған үнемі қазіргі майдан шебінде тоқтау керек деп айтып келемін. Бірақ ол әрдайым: “Жоқ, мен ымыраға бара алмаймын”, – дейді», – деген дереккөздердің бірі.

Соғысты тоқтату жөніндегі бейресми келіссөздерге қатысқан екі дереккөз Путиннің «шынайы амбициясы» әлі де Украинаның басым бөлігін, соның ішінде Днепрді, Киевті және Одессаны бақылауға алу болуы мүмкін деп санайды.

«Естеріңізде болсын, жоспар әрқашан Киевті алу болған. Міндет қойылды, ол орындалуы тиіс, – деді басылым сұхбаттасы.

– Оған украиндар қиын жағдайда, олардың майданы күйреп жатыр, адам ресурсы таусылды деп айтып отыр».

Financial Times жазуынша, Путин Ресей басымдыққа ие болып жатыр деген пікірді ұстанады. Бұл Украина Ресей тылына соққыларын күшейткеніне және соңғы айларда Ресей әскерінің майдандағы ілгерілеуі едәуір баяулағанына қарамастан айтылып отыр.

Келіссөздерге келсек, басылым дереккөздерінің айтуынша, Мәскеу де, Киев те Таяу Шығыстағы соғыс аяқталғаннан кейін де АҚШ араағайындығымен бейбіт келіссөздердің қайта жандануы екіталай деп санайды. Financial Times сөйлескен дереккөздердің айтуынша, қазір екі тарап та келіссөздерді жалғастырудан мән көріп отырған жоқ.

Басылым мәліметінше, Украина Ресеймен соңғы келіссөз раундынан кейін, ақпан айында-ақ келіссөздер тұйыққа тірелді деп есептейді. Киев Вашингтонның Путинге қысым жасай алмағанына көңілі толмай отыр.

Ресей билігі ресми түрде бүкіл Донбасты беруді бейбіт реттеудің негізгі шарты ретінде айтып келеді. Сонымен бірге Мәскеу бұл талапқа АҚШ президентінің былтыр Анкориджде Путинмен кездесуінде келісім берілгендей ишара жасайды.

АҚШ президенті Дональд Трамп 12 мамыр күні журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Путинмен Ресей «бүкіл Донбасты» алады деген ешқандай келісім болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ол соғыстың аяқталуы жақындай түсті деген пікір айтты. Дәл осындай пікірді 9 мамыр күні Путин де білдірген. Кейін оның баспасөз хатшысы Ресей президенті нақты бір нәрсені меңземегенін түсіндірді.

Сайт Әкімшілігі