Live

Геленджик маңындағы жағажайға дрон құлап, жеті адам қаза тапты

Краснодар өлкесінің Геленджик қаласына қарасты Архипо-Осиповка ауылындағы жағажайға дрон аппаратының сынықтары құлап, салдарынан жеті адам, оның ішінде үш бала қаза тапты.

Фото: скриншот

Тағы 40 адам түрлі жарақат алған.

Краснодар өлкесінің жедел штабының мәліметінше, зардап шеккендердің 21-і ауруханаға жатқызылса, тағы 19 адамға амбулаториялық көмек көрсетілген. Жараланғандар Геленджик, Туапсе және Горячий Ключ қалаларындағы медициналық мекемелерге жеткізілген.

Өлке губернаторы Вениамин Кондратьевтің айтуынша, шабуыл азаматтық инфрақұрылымға бағытталған.

Ал «Агентство. Новости» басылымы әскери сарапшыларға сілтеме жасап, дронның жағажайға Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің әрекеті салдарынан құлаған болуы мүмкін екенін жазды. OSINT-талдаушы Кирилл Михайловтың болжамынша, бұл мобильді атыс тобының жұмысына байланысты болуы ықтимал.

Әлеуметтік желідегі куәгерлердің айтуынша, дрон құлағанға дейін әуе дабылы қосылмаған, демалушылар жағажайдан эвакуацияланбаған.

Оқиға болған жағажай Ресейдегі зымыран-ғарыш саласына арналған НПО машиностроения кәсіпорнының «Рассвет» демалыс базасының маңында орналасқан. Бұл аумақ Геленджик маңындағы «Путин сарайынан» шамамен 20 шақырым жерде орналасады.

Бұған дейін Ресей аннексиялап алған Қырымның басшысы Сергей Аксенов түбекке жасалған түнгі шабуылдан төрт адамның қаза тауып, тағы екі адамның жараланғанын хабарлаған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Дрон шабуылы