Live

Германия Қорғаныс министрлігінің басшысы Киевке сапармен барды

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус 11 мамыр күні Киевке барды. Бұл сапар алдын ала жарияланбаған, деп хабарлайды dpa агенттігі.

Фото: Kay Nietfeld/dpa/picture alliance

Сапар барысында Писториус Украина үкіметі өкілдерімен екі ел арасындағы қару-жарақ өндірісі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқыламақ.

Министрдің айтуынша, Германия мен Украина арасындағы стратегиялық серіктестік аясындағы әскери ынтымақтастықты күшейту — сапардың басты мақсаты.

«Германия мен Украина – стратегиялық серіктестер. Бұл ынтымақтастық екі тарапқа да тиімді. Соның нәтижесінде көптеген жаңа жобалар пайда болып жатыр», - деді Писториус.

Оның сөзінше, басты назар әртүрлі қашықтықтағы заманауи қару жүйелерін бірлесіп әзірлеуге аударылады. Оның ішінде алыс қашықтыққа соққы жасауға арналған deep strike дрондары да бар.

Германия үкіметі жаңа неміс-украин бірлескен кәсіпорындарын құруға мүдделі екенін мәлімдеді.

«Біз бұл жерде украиндардың майдандағы тәжірибесінен пайда көріп отырмыз», — деді Писториус.

Сонымен қатар Германия билігі Украина үкіметі құрған Brave1 платформасы арқылы қару-жарақ саласындағы әзірлеушілерді қолдауды жоспарлап отыр. Бұл платформа инвестиция тарту мен әскери технологияларды сатып алуға арналған.

Сайт Әкімшілігі