спорт

Головкин мен Мырзабосынов қолда тұрған алтын медальге ие бола алмады

Фото ХИ / JasAlash

 

Жапонияның Аичи және Нагояда қалаларында ХХ жазғы Азия ойындары жалғасып жатыр. Қазақстандық спортшылар жарысты жақсы бастаған, бірден 4 алтын медаль алып, үздіктер көшіне қосылған еді. Бірақ уақыт өткен сайын жүрісіміз шабандап барады. Спортшыларымыздың қазіргі қарқыны мен алда өтетін спорт бәсекелерін ескерсек, жалпыкомандалық есепте үздік бестікке ене алмайтын сияқтымыз.

Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 45 медаль (9 алтын, 13 күміс, 23 қола) бар. Біз бұған дейін велошабандоздар Ринат Сұлтанов пен Алексей Луценко және каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева турнирде топ жарғанын жазған едік. Енді спортшыларымыздың кейінгі бір аптадағы Күншығыс елінде көрсеткен өнеріне тоқтала кетейік.

Осы тұста Алексей Луценконың жетістігін ерекше атап өткеніміз жөн. Велошабандоз жапон жерінде бір өзі 2 алтын медаль алды. Ол тасжолдағы веложарыс бәсекесінде топтық және жекелей бәсекеде топ жарды. Осылайша, Луценко Азия ойындарының 5 дүркін чемпионы атанды. Қазақстан құрамасының көшбасшысы бұған дейін жекелей сында 2014, 2018 және 2022 жылдары қатарынан жеңіске жеткен. Сондай-ақ 2018 жылы Джакартада топтық жарыста чемпион болған. Бұдан бөлек оның еншісінде 2022 жылғы ойындардың топтық бәсекесіндегі күміс медаль бар.

Демек, 2026 жылғы Азия ойындарында еліміздің велоспорт командасы үздік нәтиже көрсетті. Бұл спорт түрінен бізге жалпы 3 алтын,  1 күміс медаль бұйырды (Евгений Федоров топтық бәйгеде екінші орын алды). Бұл әзірге ең үздік көрсеткіш. Ал каратэшілеріміз қоржынға 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль салды. Жақсы нәтиже. Бірақ каратэ шеберлерінің көрсеткіші 2023 жылы Қытайда өткен Азиададағы нәтижеден (3 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль) әлдеқайда төмен болды.

Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енген аралас жекпе-жек спортынан 2 алтын, 1 қола медаль бұйырды. Бұл спорт түрінен Еркінғали Бүркіталин (77 келі) мен Қадырбек Шынбаев (71 келі) бірінші орын алды. Ал қола жүлдені Санжар Әділов (65 келі) жеңіп алды.

Сондай-ақ академиялық ескек есуден жұптық жарыста Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медальге ие болды. Семсерлесуден ерлер құрамасы (Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов, Руслан Курбанов) да жапон жерінде қарсылас шыдатқан жоқ. Семсерлесушілеріміз жалпы 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль еншіледі.

Бұрын Олимпиада және Азия ойындарында ауыр атлеттеріміз алтыннан тау тұрғызатын. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында зілтеміршілеріміз 4 алтын (кейін допинг дауына байланысты күшін жойды) алып, айды аспанға шығарған еді. Бірақ кейінгі жылдары бұл спорт түрінен нәтижеміз мәз емес. Бірақ жапон жерінде әзірге 3 күміс медаль бұйырды. Оларды Аянат Жұмағали (қыздар, 77 келіге дейінгі салмақ, 246 келі – 109+137), Алексей Чуркин (ерлер, 85 келіге дейін, 378 келі – 173+205) және Нұрғиса Әділетұлы (95 келіге дейін, 394 келі – 177+217) алды.

Джерутолар алған жалғыз жүлде

Сондай-ақ жеңіл атлеттеріміз 3 күміс, 2 қола медаль алды. Күміс жүлденің бірін Нора Джеруто (3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіру) жеңіп алды. Бірақ бұл жүлдеге жанкүйерлердің көңілі толмайды. Кениядан алдырған қос легионеріміз Нора Джеруто мен Дэйзи Джэпкимэй Жапонияда нашар өнер көрсетіп жатыр. Екеулеп жүріп алғаны жалғыз күміс қана.

Қазақстан спорты тәуелсіздік алғаннан бері легионер шақырып, оларға көк паспорт таратудан шаршаған емес. Ал одан жеткен жетістігіміз шамалы. Әлем және Азия чемпионатында жүлде алса да Джерутоларды жұрттың қабылдай алмайтыны содан. Мысалы, бұған дейін Қазақстан олимпиадалық спорт түрлеріне 126 шетелдік азаматты алған екен, олар елге небәрі 16 Олимпиада жүлдесін сыйлаған. Халық 16 медаль үшін 126 шетелдікке азаматтық беру ақылға қонымсыз деп санайды. Оның үстіне бұл спортшылардың 60 пайыздан астамы (79-ы) кейін туған еліне қайтып кетіпті.

Осы сәтсіз тәжірибеге қарамай, 2018 жылы Кениядан бірнеше спортшы шақырдық. Нора Джеруто, Дэйзи Джэпкимэй, Каролин Кипкируи, Шэдрак Коэч және олардың бапкері Кеннет Кепиего Ротич Қазақстан азаматтығын алды. Олар Өскеменде құрылған "Алтай Атлетикс" клубына қосылып, ШҚО атынан өнер көрсете бастады. Бірақ Әлемдік жеңіл атлетика ұйымы (World Athletics) ережесіне сай, азаматтығын ауыстырған атлеттер үш жыл "карантинде" болып, 2022 жылдан бастап қана Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысуға рұқсат алды.

Бірақ бұл спортшылар Азия ойындары мен Олимпиадада Қазақстан құрамасына пайдасын тигізе алмай келеді. Джеруто 2022 жылы шілдеде Юджинде (АҚШ) өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында алтын медаль алып (3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Қазақстанға әлем біріншілігіндегі алғашқы бас жүлдені сыйлағаны бар. Сондай-ақ Джэпкимэй мен Джеруто Азия чемпионатында топ жарды. Бірақ 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Джеруто да, Джэпкимэй де қою шаң арасында қалып, сынға ұшырады. Олар биылғы Азиада да үздік нәтиже көрсете алмай отыр.

Қолда тұрған алтын еді

Қазақ жанкүйерлерін қатты өкіндірген оқиға – Джерутолардың жеңілісі емес, қазақ қызының алып тұрған алтын медальден айырылғаны болды. Жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен (42,195 шақырым) алтын медаль жеңіп алған. Спортшымыз белгіленген қашықтықты 3:22:22 сағатта жүріп өтіп, екінші келген қарсыласынан 4 минут озып кеткен. Яғни бәсекелестерін шаң қаптырып кеткен.

Бірақ жарыс біткеннен соң ұйымдастырушылар оның аяқкиімінен мін тауып, медалін қайтарып алды. Комиссия спортшының кроссовкиін бірнеше сағат бойы тексеріп, ақыры ереженің бұзылғанын анықтапты. Бірақ ұйымдастырушылар да, Қазақстан Олимпиада комитеті де, ҚР жеңіл атлетика федерациясы да нақты қандай талап бұзылғанын, оған не себеп болғанын анық түсіндірген жоқ.

Тек жарыстан кейін оның аяқкиімі белгіленген талапқа сәйкес келмейтіні айтылды. Тоқсанбаеваның айтуынша, жарыс басталар алдында оның аяқкиімін ешкім тексермеген. Отандық БАҚ-та спортшының осы келеңсіз оқиғаға қатысты айтқан пікірі жарияланды.

"Барлығын көріп, бәрін оқып отырмын. Қолдауларыңызға рақмет. Өкінішке қарай, осындай жағдай болды. Жауапкершілікті біреуге ысыра салуға болмайтынын түсінемін. Бірақ неге екені белгісіз, дәл осы жарыста бізді стартқа дейін тексермеді. Әдетте мұндай жоғары деңгейдегі жарыстардың бәрінде, тіпті Қазақстан чемпионатында да спортшылардың аяқкиімі тексеріледі. Оның табанының биіктігі өлшенеді. Бұл жолы бізді өлшеген жоқ. Менің ойымша, бізге тым қаталдық танытып отыр.

Егер жарыс алдында аяқкиімімді тексеріп, талапқа сай емес екенін айтқанда, жалаңаяқ болса да жарысқа қатысар едім. Қазақстанға алтын медаль сыйлағым келді. Тарих жасағым келді. Бірақ маған тым қатаң шара қолданылып отыр. Сондай-ақ өз жауапкершілігімді де жоққа шығармаймын. Бұл жерде менің де қателігім бар. Кейін аяқкиімге қатысты рұқсат етілген үлгілер тізімі осы көктемде жаңарғанын білдім. Мен бұл аяқкиімді дәл көктемде сатып алдым. Ол кезде рұқсат етілген еді. Арада бір ай өткенде тізім жаңарыпты. Қолдауларыңыз бен түсіністіктеріңізге үміт артамын. 42 шақырымда – Азия рекорды, әлемдегі үшінші нәтиже тіркедім", – дейді спортшы.

Осы жерде Ербол Мырзабосынов басқаратын Спорт және туризм министрлігіне, даңқты боксшы Геннадий Головкин басқаратын Қазақстан Олимпиада комитетіне, Асхат Хасенов басқаратын Жеңіл атлетика федерациясына үлкен сұрақ туындап отыр. Жапонияға спортшылармен еріп ондаған шенді, жүздеген қызметкер барды. Солардың ешбірі спортшының киімі талапқа сай келетін-келмейтінін бақыламағаны қалай? Егер спортшыны алаңға дайындап шығара алмаса, бір қорасы шұбырып не істеп жүр? Мұны бір деңіз.

Екіншіден, Ясмина Тоқсанбаева допинг ішіп немесе жарыс барысында белгіленбеген әрекет жасап, жүлдеден айырылып отырған жоқ. Қарапайым ғана қателік. Дәл сол аяқкиім болмаса да біздің спортшының алтын медаль алары анық еді. Қарсыластарынан оқ бойы озып келгенін айттық. Ұйымдастырушылар алғаш дау шығара бастағанда Головкин мен Мырзабосынов бастаған қазақстандық делегация араласып, кішігірім қателікті жуып-шайып, алтын медальді сақтап қалуға күш салуы қажет еді. Ал бұл олардың қолынан келген жоқ. Қысқасы, спортшы алып берген алтын медальге ие бола алмады.

6 боксшымыз жарыс жолынан шықты

Азия ойындарына Қазақстан атынан 11 боксшы барған. Ерлер – 6, қыздар – 5 салмақта бақ сынайды. Ерлер құрамасы сапында Махмұд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60), Төрехан Сабырхан (70), Сабыржан Аққалықов (80), Нұрбек Оралбай (90) және Айбек Оралбай (+90) өнер көрсетеді. Ал бұрымды боксшыларымыз мыналар: Алуа Балқыбекова (51 келі), Назым Қызайбай (54), Виктория Графеева (60), Аида Әбікеева (65) және Наталья Богданова (75).

Өкініштісі, ерлер арасында Оразбек Асылқұлов пен Сабыржан Аққалықов алғашқы айналымнан аса алмады. Екеуі де оңтүстіккореялық спортшыға есе жіберді. Ал Нұрбек Оралбай алғашқы айналымнан сәтті өткенімен, ширек финалда Өзбекстан боксшысынан жеңіліп, жарысты жүлдесіз аяқтады. Ағайынды Сабырхандар мен Айбек Оралбай жартылай финалға өтті.

Ал қыздар арасында Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова ғана медальдер аймағына жете алды. Олар жартылай финалда бақ сынайды. Бұрымды боксшыларымыздың үшеуі жарысты ерте аяқтады. Тіпті Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың өзі бірінші жекпе-жегінде сүрінді.    

Он жарыс күнінің қорытындысы бойынша, Қазақстан командасы 9 алтын, 13 күміс, 23 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бесінші орында тұр. Жалпы 230 медаль (132 алтын, 53 күміс, 45 қола) алған Қытай спортшылары көш бастап келеді. Жарыс қожайыны Жапония (41 алтын, 68 күміс, 63 қола) екінші сатыға, ал Оңтүстік Корея (21 алтын, 26 күміс, 44 қола) үшінші қатарға жайғасты. Өзбекстан спортшылары (12 алтын, 17 күміс, 13 қола) бізді бесінші сатыға ығыстырды.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі