Live

Google Play дүкенінен Ozon қосымшалары өшірілді

Google Play дүкенінен ресейлік Ozon маркетплейсінің бірқатар қосымшасы алынып тасталды.

Фото: ЖИ

Бұл туралы компания 14 тамызда хабарлады.

Google Play-ден Ozon, Ozon Fresh, Ozon Seller, Ozon Job және Ozon Travel қосымшалары жоғалған. Олардың қандай себеппен өшірілгені әзірге белгісіз.

Компанияның мәліметінше, аталған сервистер Apple App Store және Huawei AppGallery дүкендерінде қолжетімді. Бұған дейін Еуроодақ санкциясына іліккен Ozon Банктің қосымшасы да Google Play-ден алынып тасталған еді.

Соңғы айларда ресейлік бірқатар сервистің қосымшалары халықаралық платформалардан өшіріліп жатыр. Маусымда Apple App Store-дан VK-ға тиесілі «ВКонтакте», «Одноклассники», VK Messenger, VK Видео, VK Музыка, «Дзен» және Mail.ru қосымшаларын алып тастады.

Шілдеде Еуроодақтың жаңа санкцияларынан кейін VK-ның бірқатар қосымшасы Google Play-де де қолжетімсіз болды. ЕО шектеулерді, соның ішінде VK-ның Ресейдегі азаматтық қоғам мен оппозицияға қысым көрсетудегі рөлімен түсіндірген.

Сондай-ақ App Store-дан «Яндекс Пэй» төлем сервисі алынып тасталды. Бұл шешім «Яндекс Банкке» салынған санкциялармен байланыстырылды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Озон