Live

Гүлмира Сатыбалды төртінші қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылды

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Гүлмира Сатыбалдыны төртінші қылмыстық іс бойынша кінәлі деп таныды.

Фото: ашық дереккөз

Оған бұған дейін тағайындалған 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы өзгеріссіз қалды. Алайда сотталған әйелден 8 млрд теңгеден астам қаражат өндірілетін болды. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.

Оның мәліметінше, бұл жолы Сатыбалдыға алдау арқылы мүліктік залал келтіру және өз бетінше билік ету бойынша айып тағылған. Іс бойынша жәбірленуші ретінде оның сіңлісінің бұрынғы күйеуі әрі бұрынғы бизнес-серіктесі Абай Жүнісов танылған.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, Сатыбалды мен Жүнісов бірге кәсіп жүргізіп, Алматыдағы «Восточка» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысқан. Кейін Жүнісов Сатыбалдымен байланысты тұлғаларға компаниялардағы үлестерін беріп, басқа да құжаттарды рәсімдеген.

Айыптау нұсқасы бойынша, бұл құжаттарға қысыммен қол қойылған. Козачковтың жазуынша, ер адам бірнеше ай бойы Сатыбалдының үйінің жертөлесінде заңсыз ұсталған.

Салынған тұрғын үйлер сатылғаннан кейін Жүнісовтің «ВТБ Банкі» алдындағы 8 млрд теңгеден астам қарызы қалған.

Г. Сатыбалды өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол айыптаудың мәнін түсінбейтінін және Жүнісовтің банк алдындағы қарызының пайда болуына өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Сот оны тағылған баптар бойынша кінәлі деп таныды. Бұған дейін белгіленген 12 жылдық жазаға қосымша мерзім қосылған жоқ. Алайда одан 8 млрд теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарылды.

2023 жылы Сатыбалдыға өз бетінше билік ету, адам ұрлау, мүлікті иемдену және ысырап ету істері бойынша екі үкім шығарылған. Сол кезде қылмыстық істердің жиынтығы бойынша ол сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

2024 жылы бопсалау және адамды заңсыз бас бостандығынан айыру ісі бойынша сотталғаннан кейін оның түпкілікті жаза мерзімі 12 жылға дейін ұлғайтылды.

Жаңа үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі