Live

Ғылым министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға кешенді тексеру жүргізеді

Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеру ұйымдастырады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: ашық дереккөз

Университетке жіберілетін мониторингтік топ студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі заң талаптары мен ішкі ережелердің сақталуын тексереді. Сондай-ақ тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігі бағаланады.

Тексеру кезінде жанжалдардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне дер кезінде жауап беру және оларға психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады.

Бұдан бөлек, Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына прокуратура, Полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, кәсіби психологтар мен қоғам белсенділері кірді.

Жұмыс тобы қаладағы жатақханаларды аралап, студенттермен кездесулер өткізеді және профилактикалық шаралар ұйымдастырады. Негізгі мақсат – студенттер арасында "Заң және тәртіп" қағидатын нығайту, тәуекелдерді ерте анықтау, жанжалдардың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу.

Министрліктің мәліметінше, тексеру нәтижесінде студенттердің қауіпсіздігін арттыру және профилактикалық жұмысты жетілдіру бойынша қосымша шаралар әзірленеді.

Сайт Әкімшілігі