Сараптама

Халық кеңесінің ассамблеядан несі артық?

Биыл 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші Ата заң. Ол биыл 15 наурызда республикалық референдум нәтижесінде қабылданған. Жұрт жаңа Конституцияның жылдам жазылып, жедел қабылданғанын көпке дейін айтып жүрді.

Фото: Жас Алаш коллаж / Жи арқылы өңделді

Жаңа Конституция күшіне енді. Елде не өзгерді? Ең алдымен 1995 жылдан бері қолданыста болған ескі Ата заңмен қоштастық. Содан соң 30 жыл жұмыс істеген қос палаталы Парламент тарап, бір палаталы Құрылтай сайлауы белгіленді. Су жаңа заң шығарушы органның сайлауы 23 тамызда өтеді.

Жаңа Конституциядағы басты құрылымдық өзгерістердің біріншісі – Құрылтай болса, одан кейінгісі – вице-президент лауазымы мен Халық кеңесі. Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен ел президенті тағайындайды. Ал Халық кеңесі Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнын басады деген болжам бар.

Жаңа Ата заңмен бірге «Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң қолданысқа енді. 2 шілдеде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық кеңесінің кейбір мәселелері туралы» жарлыққа қол қойды. Осы құжатқа сай Халық кеңесінің хатшылығы құрылды. «Халық кеңесі туралы» Конституциялық заңның 11-бабында «Хатшылық – Кеңестің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган» екені, ал 12-бабында «Халық кеңесінің құрамын президентке Хатшылық ұсынатыны» жазылған. Демек, Қазақстан Халық кеңесінің жұмысы іс жүзінде басталып кетті деуге негіз бар.

Фото: ашық дереккөз

Халық кеңесі қандай қызмет атқарады?

Халық кеңесі құрылатыны жайлы алғаш рет биыл 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың соңғы, V отырысында белгілі болған. Ал 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылып, жедел Ата заң жазуға кіріскенін білеміз. Сол комиссияның іркес-тіркес өткен отырыстарында Қазақстан халық кеңесінің қандай орган екені, қандай қызмет атқаратыны егжей-тегжейлі айтылған. Кейін Халық кеңесінің мәртебесі Конституцияға жазылады. Демек, жаңа Кеңес жайлы көпшілік біршама хабардар.

Ресми нұсқа бойынша, Халық кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Билік басындағылар Халық кеңесі азаматтардың саяси процеске араласу, пікір білдіру мүмкіндігін арттырады деп уәде беріп отыр. Биыл 30 маусым күні өткен Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында президент Қ.Тоқаев Халық кеңесінің қызметі жайлы айтқан.

«Қазақстан Халық кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Халық кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар енді заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді», – дейді мемлекет басшысы.

Жаңа Конституцияның 70-бабында «Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган» деп жазылған. Ал Халық кеңесі туралы Конституциялық заңға сәйкес, Кеңестің басты міндеті – «мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыты бойынша жалпыұлттық диалогты ұйымдастыру және қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту».

Халық кеңесінің өкілеттігі өте кең. Конституциялық заңда органның 9 түрлі өкілеттігі көрсетілген. Соның ішінде ең бастылары – «Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады; жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады; әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік маңызы бар басқа да гуманитарлық форумдар ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз етеді».

Сондай-ақ Жаңа Конституцияның 92-бабына сай, «Ата заңға өзгеріс енгізу туралы жалпыхалықтық референдум өткізуге ел президенті, Құрылтай, Үкімет және Халық кеңесі бастама көтере алады».

Яғни Халық кеңесі өзі заң жобасын дайындап, оны Құрылтайға ұсына алады. Оның үстіне қазіргі Конституцияны өзгерту жөнінде референдум өткізуге бастамашы бола алады. Қоғамда «Арнайы заң шығарушы орган – Құрылтай тұрғанда консультативтік органға заң дайындау құзыретін беру қаншалық дұрыс?» деген сұрақ туындады. Бірақ шенділер «Халық кеңесі Үкімет пен Құрылтайдың өкілеттігін қайталамайды, мемлекеттік биліктің жаңа тармағы болмайды» деп уәде берді. Әрине, уәде беру оңай. Бірақ бұл уәденің күші Конституциядағы «Халық кеңесі заң жобасын дайындап, референдум өткізуге бастама көтере алады» деген баптан басым бола алар ма екен?..

Фото: «Конституционная реформа 2026» Telegram-арнасы

Халық кеңесі қай органның ізбасары?

«Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заң күшіне енген соң 2008 жылдан бері қолданылып келген «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңның күші жойылды. Яғни ассамблея ресми жабылды. Ал биыл қаңтарда Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысы өтіп, ол да тарих қойнауына енген.

Демек, Халық кеңесі Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясының орнына құрылған. Бірақ жаңа Кеңестің Конституциядағы құзыреті мен атқаратын қызметіне қарасақ, негізінен ассамблеяның заңды жалғасындай көрінеді. Оның Ұлттық құрылтайға ұқсас тұсы көп емес. Біріншіден, Ұлттық құрылтай мүшелері жылына бір рет жиналатын, Халық кеңесінің сессиясы да жылына кемінде бір мәрте шақырылады. Екіншіден, Ұлттық құрылтай мүшелерін де, Халық кеңесінің мүшелерін де президент тағайындайды. Сондай-ақ екі құрылымның мүшелері де қоғамдық негізде қызмет атқарады.

Ал ассамблея мен Халық кеңесінің ұқсастығы көп. Мысалы, Халық кеңесінің «қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту» деген міндетті Ассамблеядан мұраға алғандай көрінеді. Өйткені 31 жыл жұмыс істеген Қазақстан халқы ассамблеясының басты ұраны «этносаралық келісімді нығайтып, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету» болғаны белгілі. Ұйымның бұл қызметті қай деңгейде атқарғанын көпшілік жақсы біледі. Сарапшылар «ҚХА жыл сайын 1 мамыр (Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі) мен 1 наурызда (Алғыс айту күні) жиналып, әр этностың ұлттық киімін киіп, ән салып, би билегені болмаса, елдегі бірлік пен татулыққа аса көп үлес қоса қойған жоқ» деп санайды.

Ең басты ұқсастық – референдум өткізу жөнінде бастама көтеру. Халық кеңесіне осындай құзырет берілгенін айттық. Мұндай миссияны ассамблея баяғыда орындап тастаған. Тіпті ассамблеяның 31 жылдық тарихындағы ең есте қалған «еңбегі» референдум өткізуге бастамашы болу десек қателеспейміз. Мысалы, ҚХА 1995 жылы сәуірде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін 2000 жылы желтоқсанға дейін ұзарту туралы бүкілхалықтық референдум өткізуді ұсынды. Сондай-ақ 2015 жылы ақпанда кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Ұйымның осы екі бастамасы да қабылданып, жүзеге асқанын былайғы жұрт жақсы біледі.

Демек, алдағы уақытта Қазақстан Халық кеңесі де осындай бастама көтеруі әбден мүмкін. Мысалы, Конституцияға өзгеріс енгізу немесе президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысты шенділер айтқаннан гөрі, Халық кеңесі сияқты «қоғамдық диалог алаңы» айтса, әлдеқайда легитимді көрінетіні сөзсіз. Билік кейбір қадамдарын осындай қоғамдық ұйымдар арқылы заңдастырып отыруға ниетті екені анық.

«Халық кеңесі президент жанындағы консультативтік орган болады деп отыр. Оның нақты қызметі қандай болатынын алдағы уақыт көрсетеді. Бұған дейін бірнеше консультативтік ұйымға мүше болған едім. Олардың жұмысы жоғары жақтағы шенділердің жасап беретін жобасына байланысты болады. Мұндай органдардың мүшелері кейде өз ойларын ортаға салуы мүмкін, кейбіріне «мынадай пікір айтыңдар» деген тапсырма түсуі мүмкін. Сондықтан Халық кеңесінің жұмысы бұрынғы осындай ұйымдардан өзгеше болмайды деп есептеймін. Тіпті мүшелерін президент таңдайтын ұйымды Халық кеңесі деп атағанның өзі түсініксіз жағдай деп есептеймін. Ал Қазақстан халық ассамблеясы КСРО кезіндегідей ұлттық татулықты сақтайтын идеологиялық ұйым рөлін атқара алған жоқ, ұйым мемлекеттік мәселелерге еш үлес қоса алмады. Сондықтан Халық кеңесі бұл органның жұмысын жалғастырады деп ойламаймын», – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

«Қазақстан Халық кеңесі туралы» Конституциялық заңға сүйенсек, Кеңес құрамында 126 адам болады. Оның 42-сі – этномәдени бірлестіктерден, 42-сі – Мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден, 42-сі – қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан жасақталады.

Мұндағы этномәдени бірлестіктерден келетін 42 адам бұрынғы ассамблея мүшелері болуы мүмкін. Өйткені ассамблеяның 583 негізгі мүшесі болған. Бұл ұйымның мүшелеріне 2007 жылдан 2022 жылға дейін Мәжілістен 9 мандат беріліп жүрді. Ал 2023 жылы ҚХА-ның 5 мүшесі сенатқа депутат болды. Демек, 1995 жылдан бері құрметтен қағылып көрмеген ассамблея өкілдері Халық кеңесінен тыс қалмайтыны белгілі.

Сондай-ақ Парламент палаталарының соңғы отырысында президент қазіргі депутаттардың бір бөлігі Халық кеңесіне мүше болуы мүмкін екенін айтқан. «Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын», – деген еді президент. Сарапшылар бұған дейін Құрылтайға баратын 145 депутаттың арасында «бөтен адамдар» көп болмайтынын болжаған еді. Ендеше, Халық кеңесіне мүше болатын 126 азамат та алыстан келмейтіні анық.

Қуаныш Қаппас 

Сайт Әкімшілігі