Хантавирус: Әлемді жаңа пандемия күтіп тұр ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус Атлант мұхитындағы круиздік лайнерде тіркелген хантавирус оқиғасы коронавирус пандемиясының бастапқы кезеңіне ұқсамайтынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, қазіргі жағдайда әлем үшін қауіп деңгейі төмен болып бағаланып отыр.
Бірнеше күн бұрын MV Hondius круиздік кемесінде хантавирус өршігені белгілі болған еді. Атлант мұхитында жүрген кеменің бортында 149 адам болған.
Соңғы мәліметтер бойынша, вирус жеті туристен анықталып, олардың үшеуі қайтыс болған.
Адамнан адамға жұғуы мүмкін аса қауіпті түрі Швейцариядағы пациенттен анықталған. Алайда ел билігі аурудың кең таралу қаупі жоқ деп есептейді.
Хантавирус – адамның өкпесі мен бүйрегін зақымдауы мүмкін вирустар тобы. Оның көпшілік түрі кеміргіштермен немесе олардың бөлінділерімен байланыс кезінде жұғады.
АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығы мәліметінше, вирус ауыр әрі кей жағдайда өлімге әкелетін хантавирустық өкпе синдромын тудыруы мүмкін.