Иіліп – төсек, жайылып – жастық: Шетелдік инвесторлар үшін тағы не істей аламыз?
Үкімет пен Ұлттық банк алдағы уақытта шетелдік инвесторларға тағы да бір салықтық жеңілдік қарастыратын болды.
Қос ведомство ақылдаса келе, «қор нарығындағы биржалық және биржадан тыс салық алшақтығын жоюды» жөн деп тауыпты. Егер осы салық жүйесіне өзгеріс енетін болса, елге тағы бірнеше триллион теңгеге жуық шетелдік капитал келмек.
Жалпы, Қазақстан инвесторларға жайлы мемлекет атану үшін бұдан да басқа түрлі шараларды қолға алған. Шама-шарқымыз жеткенше шетелдік инвесторларға жеңілдіктерді ұсынып-ақ жатырмыз. Инвесторларға арналған үкімет тарапынан белгіленген артықшылықтар мен ұсыныстар баршылық. Мәселен, бізде шетелдік инвесторлармен келісім жасарда салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беріледі. Ірі жобаларды орындауға қатысқысы келетін инвесторларға 25 жылға дейін заңнамалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін келісімдер де бар. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттарды ұсыну, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қарастырылған. Жаңа Салық кодексі аясында «біріктірілген жеңілдіктер пакеті» тағы бар.
Бұл жолғы «көңілшектіктің» мәні неде?
Осы жолғы биржалық және биржадан тыс салық алшақтығын жоюға бел шешіп кірісудің өзіндік мәні бар. Бізде бұған дейін бір облигацияны (бағалы қағазды) сату үшін екі түрлі салық режимі қолданып келген. Егер шетелдік инвестор қазақстандық квазимемлекеттік компаниялардың, мысалы, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» құрылымдарының облигацияларын Қазақстан қор биржасында сатса, одан түскен пайдадан салық төлемейді. Ал бұрын нақ сол бағалы қағаздарды халықаралық жүйелерде немесе биржадан тыс нарықта отандық қатысушыға сатса, онда инвестор салық төлеуге міндетті болған. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия МОЛДАБЕКОВАНЫҢ айтуынша, бұл айырмашылық шетелдік ірі қорлар үшін үлкен құқықтық әрі қаржылық кедергіге айналған. Қазіргі уақытта Қазақстан шетелдік инвесторлардың отандық активтерге қолжетімділігін жеңілдету үшін халықаралық жүйелермен белсенді жұмыс істейді. Алайда бұл халықаралық жүйелер ішінде екі инвестор бір-бірімен бағалы қағаз алмасқанда, мәміле Қазақстанның ішкі биржалық инфрақұрылымы арқылы өтпейді. Нәтижесінде халықаралық стандарттар бойынша жасалған операциялар автоматты түрде «биржадан тыс» деп танылып, салыққа ілігеді. «Сондықтан енді бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шұғыл шешімін табуы керек», – дейді Ұлттық банк өкілдері.
Мемлекеттік деңгейде бұл мәселенің шұғыл қаралғаны тегін емес, өйткені нарықтың көлемі өте ауқымды. Қазіргі уақытта айналымда квазимемлекеттік сектордың 17,6 трлн теңгелік облигациялары бар. Соңғы 8 айдағы статистика бойынша шетелдіктердің қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздардағы үлесі 8,1 пайыз болған. Егер квазимемлекеттік облигациялар нарығында да осындай үлес қалыптасатын болса, шетелдік инвесторлардан келетін инвестиция көлемі қосымша 1,4 трлн теңгеге жетуі мүмкін. Алайда қолданыстағы салықтық алшақтық осы қомақты қаржының Қазақстанға келуін тежеп отыр. Осыған байланысты енді Үкімет биржадан тыс сатылатын облигацияларды салықтан босату жөнінде шешім шығаруға дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі бірлесіп, Салық кодексіне тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуге кірісті. Нақты өзгерістер дайын болған соң, нарық қатысушыларына ресми түрде хабарланады. Үкімет «бұл қадам қазақстандық облигациялардың жаһандық тартымдылығын айтарлықтай арттырады» деп есептейді.
Инвестиция тартудың жолы тек жеңілдік беру ме?
Жалпы, қазіргідей жаһандық капитал үшін бәсеке күшейген заманда Қазақстан өзін Орталық Азияның басты инвестициялық хабы ретінде көрсетуге тырысып жүр. Орталық Азия аймағына тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның (ТШИ) 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі екені белгілі. Дегенмен, сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан инвесторларға жағдай жасау жолында белсенді реформалар жүргізіп жатқанымен, ішкі құрылымдық проблемаларын әлі толық еңсере алмай отыр. Елдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтеру үшін салықтық жеңілдіктер берумен шектелмей, заң үстемдігін қамтамасыз ету, бюрократияны азайту және заңнамалық тұрақтылықты кепілдендіру қажет. Осы ішкі кедергілер жойылғанда ғана Қазақстан жаһандық инвесторлар үшін толықтай «жайлы әрі қауіпсіз айлаққа» айналады.
Экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат ШӘМЕНОВТІҢ ойынша, шетелден инвестиция тартудың жолы тек шетелдік инвесторға салық жеңілдігін беру емес. Қазақстан қазірдің өзінде салықтық преференциялар, кедендік жеңілдіктер, инфрақұрылымдық қолдау, инвестициялық жобаларға мемлекеттік қолдау сияқты бірнеше тетікті пайдаланып келеді. Рас, квазимемлекеттік облигацияларға шетелдіктердің қаржы салуын арттыру қажет. Бұдан мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялар үшін қаржы көзі көбейеді. Тек ішкі нарықтағы ақшаға тәуелді болмай, сырттан да қаржы тартуға мүмкіндік артады. Бірақ бұл арада ұтылатын тұсымызды да екшеп алуымыз керек.
«Егер шетелдік инвестор облигацияны сатып, пайда тапса және сол пайдасына Қазақстанда салық төлемесе, онда Қазақстан бюджеті сол операциядан түсетін салық кірісінен қағылады. Ал енді ол инвестордың ақшасы жаңа зауыт салуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, технология әкелуге жұмсалса – мұның пайдасы әлдеқайда зор. Алайда шетелдік инвестор дайын облигацияны сатып алып, кейін қымбаттаған кезде қайта сатып, пайдасын елден алып кетсе, онда Қазақстан экономикасына бұл өзгерістің пайдасы тым аз. Сондықтан бұл арада мәселенің ең маңызды жері – салықтан босату емес, шетелдік ақшаның Қазақстан экономикасына қалай жұмсалатынында», – дейді экономист-ғалым.
«Қайтқан малда қайыр бар»
Осы саланы зерттеп жүрген экономист-сарапшы Әсем ҚАСЫМХАНОВА да әріптесінің сөзін қуаттайды. Маман басқадан бұрын бізді инвестициялық табыстың төмендеуі алаңдатуы тиіс екенін айтады.
«Мысалы, «Шеврон» компаниясы Қазақстанда мұнай өндіреді. Бір жылда ол 100 млн доллар пайда тапты делік. Соның 60 млн долларын АҚШ-тағы штаб-пәтеріне дивиденд ретінде жіберіп, ал қалған 40 млн долларын Теңіз кен орнын кеңейтуге жұмсаса, міне, сол 40 млн доллар қайта инвестицияланған табыс деп аталады. Ал енді осы инвестициялық табыс азайса, бұған қатты алаңдау керек. Бұл көрсеткіш елдің инвестициялық климатын және инвестор сенімінкөрсетеді. Егер компаниялар табысын ел ішінде қайта инвестицияласа, бұл – экономикаға деген сенімнің белгісі. Ал, керісінше, пайдасын түгел шетелге шығарып кетсе, бұл – сенімнің азайғанын білдіреді. 2024 жылы осы қайтқан инвестициялық табыс 93,4 пайызға қысқарған. Бұл дегеніміз, шетелдік компаниялар өз пайдасын Қазақстан экономикасына қайта салмай, көбінесе шетелге алып кеткен деген сөз. Бұл – ойлантатын жағдай. Мына айтып отырған мәселе бойынша да ертең инвесторларға биржадан тыс сауда жасауда салықтық жеңілдік берілген соң ол қаражат біздің экономикамызға жұмыс істемей, бізге капитал болып келмей қалса, бұл реформа тек олигархтардың күйісін күйттейді деуге болады», – дейді Әсем Қасымханова.
Сондай-ақ сарапшы елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Үкіметке жоспардан нақты іске көшу керектігін айтып отыр. Маман бұған қатысты «Жас Алаш» арқылы төмендегідей бес ұсыныс айтты.
Біріншіден, «Бір терезе» жүйесін толыққанды іске қосу керек.
Инвесторларға арналған «Бір терезе» қағидаты осыған дейін жиі айтылғанымен, тәжірибеде толық нәтиже берген жоқ. Кәсіп ашу, рұқсат қағаздарын рәсімдеу, лицензия алу және жер телімдерін бөлу процестерін бюрократиядан арылтып, шынайы түрде цифрландыру қажет.
Екіншіден, шикізаттық тәуекелдер және ішкі капитал жөнінде экономиканы мұнай мен өндіруші секторға тәуелділіктен құтқару – уақыт талабы. Негізгі назарды өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, IT және биотехнология салаларына аударған жөн. Бұл жобаларға тек шетелдік емес, отандық инвесторларды да белсенді тарту маңызды. Осылайша, капитал ел ішінде қалып, ішкі айналымды ынталандырады.
Үшіншіден,логистика мен инфрақұрылымды жаңғырту өзекті.Халықаралық тасымал жолдарын әртараптандыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту, теміржол желілері мен порттардың өткізу қабілетін арттыру стратегиялық маңызды қадам саналады.
Төртіншіден, инвестицияларды өңірлік деңгейде орталықсыздандыру. Капитал ағыны тек ірі мегаполистер (Астана мен Алматы) деңгейінде шектелмей, облыс орталықтары мен шекара маңындағы аймақтарға да жетуі тиіс. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі мен әлеуетін ескере отырып, оларға арнайы «инвестициялық аймақ» мәртебесін беріп, салықтық және әкімшілік жеңілдіктер ұсыну қажет.
Бесіншіден, ашықтық пен есептілік. Инвестиция тартудың нәтижелері қоғам мен бизнес қауымдастық үшін ашық әрі қолжетімді форматта тұрақты жарияланып тұруы тиіс.
«Инвестиция бұл – жай ғана қаржы ағыны емес. Бұл – жаңа технология, жаңа жұмыс орындары және ел экономикасына деген жаһандық сенім. Сондықтан Үкіметтің ендігі негізгі міндеті инвестор үшін болжамды әрі қауіпсіз орта қалыптастыру ғана емес, қолданыстағы жобалардың тиімділігін арттыру болуы керек», – дейді Әсем Қасымханова.
Жалпы, қорыта айтсақ, Бектенов басқаратын Үкіметке 2029 жылға қарай елге кемінде 150 млрд долларшетелдік капитал тарту туралы міндет қойылғаны мәлім. Сала мамандарының пайымдауынша, бізге осы мақсатқа жету үшін инвесторларға бірыңғай, түсінікті жүйе қажет. Ал Қазақстанда ол толық қалыптаспаған. Кейбір аймақтар шекарадан алыс орналасқан, экспортқа бағытталған компаниялар үшін тасымал құны жоғары. Мысалы, кейбір арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру үшін транзиттік шығын инвестицияның тиімділігін төмендетеді. Инвесторлар әкімшілік кедергілер туралы жиі шағымданады, құжат рәсімдеу, рұқсат алу, жер бөлу процесі ұзақ.
«Міне, Үкімет осының барлығын реттеп алмаса, келешекте Қазақстанға инвестор тарту қиындай түседі. Сондықтан алдағы уақытта биржалық сатылымдағы және басқа жеңілдіктерден бұрын осы мәселелерді ретке келтіру керек», – дейді мамандар.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ