Иран Қызыл теңіздегі кеме қатынасын тоқтатуы мүмкін
Иран билігі АҚШ тарапынан Ормуз бұғазындағы порттарға жасалып жатқан қысым жалғаса берсе, теңіз жолдарын жабуы ықтимал екенін мәлімдеді.
Бұл туралы елдің жоғары әскери қолбасшылығының өкілі, генерал Әли Абдоллахи мемлекеттік телеарнада айтты.
Оның сөзінше, Вашингтонның теңіздегі әрекеттері ирандық сауда кемелері мен мұнай тасымалдаушыларға қауіп төндіріп отыр. Егер бұл жағдай жалғасса, қазіргі уақытша бітімнің бұзылуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Иран Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Қызыл теңіз арқылы өтетін барлық экспорт пен импортты тоқтатуға дайын.
Сонымен қатар Иранның одақтасы саналатын Йемендегі хуситтер де Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтетін кемелер қозғалысын шектеуі мүмкін. Бұл стратегиялық маңызы зор өткел Қызыл теңіз бен Аден шығанағын байланыстырады.
Айта кетейік, Иранға қатысты екі апталық бітім 22 сәуірге дейін жалғасады. Ал АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер 12 сәуірде Исламабадта өткенмен, нақты нәтиже берген жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп 13 сәуірден бастап Ормуз бұғазындағы Иран порттарына шектеу енгізілгенін мәлімдеген еді.