Live

Иранға байланысты Қазақстанның туристік компаниясы АҚШ-тың санкциялық тізіміне ілікті

Қазақстандық туристік компания Иранға қарсы жаңа санкциялар аясында АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) назарына ілікті.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қылмыстарды тергеу бюросының қоры хабарлады.

АҚШ ведомствосының мәліметінше, Алматыда тіркелген «Тур Инвест» ЖШС (Tour Invest LLC) Иранның санкцияға ұшыраған Mahan Air әуе компаниясының бас сату агенті ретінде қызмет көрсеткен. Осы арқылы компания тасымалдаушыға материалдық немесе технологиялық қолдау көрсетті деп есептеледі.

Қазақстандық компаниямен бірге Түркия, БАӘ және Малайзиядағы бірқатар ұйым да тізімге енгізілген.

OFAC қазақстандық компанияның мәртебесін «Secondary sanctions risk» – «қайталама санкциялар қаупі» деп көрсеткен. Бұл компанияның қызметіне әзірге тікелей тыйым салынбағанын, алайда онымен жұмыс істейтін тұлғалар мен ұйымдар үшін санкциялық қауіп бар екенін білдіреді.

Компания туралы не белгілі?

Ашық реестрлердегі мәлімет бойынша, «Тур Инвест» ЖШС Алматыда 2014 жылы туристік оператор ретінде тіркелген. Қызметкерлер саны бес адамнан аспайтын шағын кәсіпорын саналады.

Компанияның құрылтайшылары ретінде Ансар Дүйсенғалиев пен Зиаи Бабак Али көрсетілген. Зиаи Бабак Али компания директоры қызметін де атқарады. Сондай-ақ ол Қазақстандағы «Иран бизнес-орталығын» басқарады.

Вашингтонның жаңа шаралары ирандық әуе тасымалдаушыларының АҚШ-та өндірілген ұшақтарға, қосалқы бөлшектер мен технологияларға қол жеткізу мүмкіндігін шектеуге бағытталған. Жалпы шектеулер Иранның 27 әуе компаниясы мен әлемнің әр еліндегі солармен байланысты 36 жеке тұлға және ұйымды қамтыған.

Айта кетейік, бұл қазақстандық бизнестің халықаралық санкцияларға байланысты шектеулерге алғаш рет тап болуы емес. 2026 жылдың сәуірі мен шілдесінде Қазақстанның бірқатар компаниясы, соның ішінде Астанадағы «ТауКЗ» ЖШС және Петропавлдағы «КБР-Технологии» ЖШС Ресейге қарсы бағытталған Еуропалық одақтың 20 және 21-санкциялық пакеттеріне енгізілген.

Т. РАУШАНҰЛЫ