2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні
спорт

Ислам Сәтпаев Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Қазақстандық мерген Ислам Сәтпаев Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.

Фото: ҰОК

Париж Олимпиадасының қола жүлдегері 50 метр қашықтықтан винтовкамен үш қалыпта ату сайысында үшінші орын алды. Сәтпаев тек Қытайдың екі спортшысына жол берді.

Айта кетейік, бұл – Қазақстан мергендерінің осы Азиададағы үшінші медалі. Бұған дейін стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасы күміс жүлде иеленсе, Әсем Орынбай жекелей сында қола медаль алған еді.

Ислам Сәтпаев Париж Олимпиадасында Александра Лимен бірге 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден аралас командалық жарыста қола жүлдеге ие болған.

Сәтпаевтың қола жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы медаль саны 27-ге жетті. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді. Қазақстан спортшыларының еншісінде 8 алтын, 8 күміс және 11 қола медаль бар.

Бүгін Қазақстан қоржынына тағы бір жүлдені ескек есуші әйелдер құрамасы салды. Ольга Шмелева, Стэлла Суханова, Татьяна Токарницкая және Эвелина Костенкодан құралған қазақстандық экипаж байдаркамен 500 метрге жарыста үшінші орын алды.

Сондай-ақ Қазақстанның семсерлесуден әйелдер құрамасы да кемінде қола медальға қол жеткізді. Шпагашылар жартылай финалға шығып, енді алтын жүлде үшін күресті жалғастырады.

Сайт Әкімшілігі