Израиль ХАМАС-ты әйелдерге зорлық көрсетті деп айыптады
Израильдегі тәуелсіз комиссияның есебіне сәйкес, 2023 жылғы 7 қазандағы шабуыл кезінде және одан кейін ХАМАС содырлары құрбандарға қарсы «жүйелі әрі кең ауқымды» сексуалдық зорлық-зомбылық пен азаптау әрекеттерін жасаған.
«7 қазан – ХАМАС әйелдер мен балаларға қарсы» атты азаматтық комиссия екі жылдан астам уақыт жүргізілген зерттеу нәтижелерін 12 мамыр күні жариялады.
Шамамен 300 беттен тұратын есепте зорлау, топтық зорлау, сексуалдық азаптау, күштеп жалаңаштау, дене мүшелерін зақымдау, мәйіттерді өртеу және туыстарының көзінше жасалған сексуалдық қорлау фактілері туралы айтылады.
Құжат куәгерлердің мәлімдемелері, фото-видео материалдар және сот-медициналық сараптамаларға негізделген.
Комиссияның мәліметінше, ХАМАС пен оған қатысы бар топтар шабуылдың түрлі кезеңдерінде, соның ішінде адамдарды кепілге алу, тасымалдау және тұтқында ұстау барысында қайталанатын сексуалдық зорлық тәсілдерін қолданған.
«Бұл қылмыстар аса қатыгездікпен жасалып, адамдарға ауыр психологиялық және физикалық зардап келтірген. Мұндай әрекеттер террор мен қорлауды күшейту мақсатында әдейі ұйымдастырылған», - делінген баяндамада.
Сарапшылар зорлық-зомбылықтың 13 қайталанатын схемасын анықтаған. Оның ішінде күш көрсету сәттерін әдейі видеоға түсіріп, интернет арқылы тарату да бар.
Комиссия қорытындысына сәйкес, бұл әрекеттер жекелеген оқиға емес, «кең таралған әрі жүйелі сипаттағы қылмыстар» болған және ХАМАС шабуылының бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Комиссия негізін қалаған израильдік заңгер Кохав Элькайам Леви мұндай қылмыстарды ресми мойындау құрбандар үшін әділетке жетудің маңызды бөлігі екенін айтты.
Комиссия барлық дәлелдерді арнайы «әскери қылмыстар архивінде» сақтап отырғанын мәлімдеді.
Еске салайық, 2023 жылғы 7 қазанда Еуроодақ пен АҚШ террористік ұйым деп таныған ХАМАС Израильге жаппай шабуыл жасаған болатын. Шабуыл салдарынан шамамен 1200 адам қаза тауып, 250-ге жуық адам кепілге алынған.
Бұған жауап ретінде Израиль Газа секторында әскери операция бастаған. ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, содан бері 71 мыңнан астам адам қаза тапқан. Алайда бұл статистикада қанша содырдың болғаны нақты көрсетілмеген.