Қаһарман Хамитов – шаңғыдан қола, биатлоннан алтын
15 наурыз күні Италияның Кортина-д’Ампеццо қаласында орналасқан «Стадио олимпико дель гьяччо» стадионында XIV қысқы Паралимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Салтанатты рәсім кезінде ұйымдастырушылар жарысты қорытындылап, спортшыларға қатысқаны үшін алғыс айтты. Соңында дәстүр бойынша Паралимпиада алауы өшіріліп, бұл ойындардың ресми түрде аяқталғанын білдіреді.
Апеннин түбегінде осыдан бір ай бұрын қысқы Олимпиада ойындары өткен. Дәстүр бойынша оның ізін ала Паралимпиада бәсекесі өтіп отыр. Бұл жарыста нағыз табанды, қайсар адамдар бақ сынайды. Олар – физикалық мүмкіндігі шектеулі болса да күш-жігер мен хас шеберліктің үздік үлгісін көрсетіп, жұртты таңғалдырып жүрген жандар.
Турнирдің жабылу салтанатында сөз сөйлеген Халықаралық Паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс спортшылар паралимпиадалық қозғалыстың күшін дәлелдегенін атап өтті. «Сіздер қабілет адамның мүмкіндігімен емес, табандылық, батылдық және жетістікке ұмтылыспен анықталатынын дәлелдедіңіздер. Бұл Паралимпиада спорттың адамдарды құрмет, әділдік және адам жетістіктері арқылы біріктіре алатынын көрсетті», – деді.
Салтанатты рәсім соңында келесі қысқы Паралимпиада ойындарына эстафета табысталды. Ол 2030 жылы Францияда өтеді. Ал 2028 жылғы жазғы Паралимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылады.
Хамитов алған екі медаль
2026 жылғы Паралимпиада ойындарына Қазақстан атынан парашаңғы және парабиатлоннан жеті спортшы қатысты. Олар: Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Анна Грачова, Нұрлан Әлімұлы және Денис Кобаль.
Осы спортшылар арасында Ербол Хамитов ерекше үздік нәтиже көрсетті. Ол Италия төрінде бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Хамитов алдымен шаңғы жарысында (спринт, отырып жарысу) олжа салды. Бұл бәсекеде ол қытайлық Цзысюй Лю мен бразилиялық Кристиан Вестемайерге есе жіберіп, мәре сызығын үшінші болып кесті. Бұл – Қазақстанның осы Паралимпиададағы алғашқы медалі болды.
Ербол Хамитов Паралимпиадаға шаңғы және биатлон спортынан қатысқан. Шаңғы жарысында қола медаль алған жерлесіміз биатлон бәсекесінде (із қуып жарысу) алтыннан алқа тақты. Бұл сында күміс медаль украиналық Тарас Радқа, ал қола жүлде қытайлық спортшы Цзысюй Люге бұйырды.
28 жастағы Хамитов бұған дейін шаңғыдан да, биатлоннан да әлем чемпионы атанған. Атап айтқанда, 2025 жылы Словенияда өткен биатлоннан әлем чемпионатында, ал 2023 жылы Швецияда өткен шаңғыдан әлем біріншілігінде топ жарған болатын. Сондай-ақ ол 2022 жылы Қытайдың Бейжің қаласында өткен Паралимпиада ойындарына қатысқан еді.
Хамитов – қысқы Паралимпиадада алтын медаль алған екінші қазақстандық спортшы. Бұған дейін 2018 жылғы Паралимпиадада Александр Колядин шаңғы жарысында чемпион атанған болатын. Сондай-ақ қазақстандық спортшылар үшінші қысқы Паралимпиада ойындарында қатарынан жүлде алып отыр. 2022 жылы Бейжіңде Александр Герлиц биатлоннан қола медаль алған еді.
Айта кетейік, Қазақстан Хамитов алған бір алтын, бір қола медальдің арқасында жалпыкомандалық есепте 18-орынға табан тіреді. Италиядағы Паралимпиадада барлығы 27 елдің спортшылары медаль жеңіп алды. Ал алтын медаль 18 елдің спортшысына ғана бұйырды.
Командалық есеп:
1. Қытай – 15 алтын, 13 күміс, 16 қола;
2. АҚШ – 13 алтын, 5 күміс, 6 қола;
3. Ресей – 8 алтын, 1 күміс, 3 қола;
4. Италия – 7 алтын, 7 күміс, 2 қола;
5. Аустрия – 7 алтын, 2 күміс, 4 қола;
18. Қазақстан – 1 алтын, 1 қола.
Чемпион Хамитов
Ербол Ғалымкерейұлы Хамитов – 1997 жылы 9 қыркүйекте Петропавл қаласында дүниеге келген. Ол Қазақстан пара спорт тарихында тұңғыш рет әлем чемпионы атанған спортшы. 19 жасына дейін грэпплинг және джиу-джитсумен айналысқан. 2017 жылы Петропавлда болған кикілжің кезінде аяғына оқ тиіп, бір аяғын тізеден төмен кесуге тура келген.
Ауруханадан шыққан соң Хамитов қиындықтарға қарамай спортқа қайта оралады. Әу баста ережесіз жекпе-жек, грэпплинг және джиу-джитсумен шұғылданып, 2019 жылы AIGA грэпплингтен ересектер арасында еліміздің вице-чемпионы атанған. Ал UWW жарысында Азия чемпионы болған. Бірақ бұл спорт түрлері Паралимпиада ойындарының бағдарламасына кірмегендіктен, Хамитов шаңғы спортына ауысып, туған қаласы Петропавлда мүмкіндігі шектеулі спортшылар тобымен жаттығуды бастайды.
Хамитов 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Паралимпиада ойындарына қатысты. Онда ол биатлоннан 6 және 10 шақырымдық жарыста 16-орын алды. Шаңғы жарысында 18 км қашықтықта – жетінші, 7,5 км қашықтықта – тоғызыншы болып мәре сызығын кесті. Ал шаңғыдан спринт бәсекесінің іріктеу кезеңінде 15-орынға жайғасты. Сондай-ақ ол Александр Герлицпен бірге 4х2,5 шақырымдық эстафета жарысында бесінші орынға ие болды.
Алғашқы Паралимпиадада жүлдеге қол жеткізе алмаған Хамитов үміт үзбей, жаттығуды жалғастырды. Сол еңбегінің арқасында 2023 жылы шаңғы жарысынан спринтте әлем чемпионы атанса, екі жылдан кейін биатлоннан 12,5 шақырымдық жеке жарыста әлем кубогының жеңімпазы болды. Одан да маңыздысы – 2026 жылғы Милан Паралимпиадасында қос медальге қол жеткізіп отыр. Даңқты спортшы Миландағы жеңісті жолын еске алып, әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазба жариялады.
«2022 жылы Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарында спринтте тіпті квалификациядан да өте алмай, 15-орын алдым. Ал 2026 жылғы Паралимпиада ойындарында спринтте қола жүлдеге қол жеткіздім. Осы ойындарда квалификацияда 6-орын алдым, жартылай финалда 1-орын, финалда 3-орын бұйырды. Мені 2-орыннан бар болғаны 0,03 секунд бөліп тұрды, ал алтын жүлдеге дейін 1 секунд жетпей қалдым.
Шынымды айтсам, бұл ойындардағы бәсекелестік өте жоғары болды. Бұл ойындарға әлемнің ең мықты спортшылары жиналды. Мен үшін бұл қола жүлде алтыннан да қымбат. Алтын алған қытайлық спортшы жартылай финалда менімен бірге жүгірді және ол 4-орын алған еді. Негізі ол финалға өтпеген болатын, бірақ канадалық спортшы дисквалификацияға ұшыраған соң ол 3-орынмен финалға өткен. Ал финалда ол жарысты жеңіп шықты.
Старттан кейін бір спортшы үнемі жолымды жауып, басып озуыма мүмкіндік бермеді. Сол себепті финиш алдындағы соңғы өрге дейін мен көп күш жұмсадым. Ал арт жағымда келе жатқан қытайлық спортшы прокатпен келіп, жағдайды бақылап отырды және фиништік түзуге күшін сақтап кіріп, жақсы жұмыс істеді. Бұл жерде мен көбірек тактикалық жағынан ұтылып қалдым. Бірақ бұл – спорт.
Бұрын маған «шаңғы спорты қазақтың спорты емес» деген сөздер жиі айтылатын. Мен әрқашан алдымен өзіме, кейін адамдарға бәрі мүмкін екенін дәлелдегім келді. Ең бастысы – сену және алға қарай жүру. Алға Қазақстан», – дейді чемпион спортшы.
Ербол Хамитов елге келген соң алтын медалі үшін – 250 мың доллар, қола жүлдесі үшін – 75 мың доллар сыйақы алады. Сондай-ақ оны жайлы пәтер, қымбат көлік сияқты бағалы сыйлықтар күтіп тұр. Ең маңыздысы, Хамитовтың жеңісі елімізде дамуы кенжелеп тұрған қысқы пара спортқа серпін берері анық.
Қуан Өмірхан