Live

Кабардин-Балкарияда қар көшкінінен 12 альпинист қаза тапты

Ресейдің Кабардин-Балкария Республикасындағы Безенги шатқалында қар көшкінінен қаза тапқан альпинистер саны 12 адамға жетті.

Фото: ашық дереккөз

Тағы бес адамның тағдыры белгісіз. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. 

Қайғылы оқиға 6 қыркүйекте болған. Мижирги тауының баурайынан түскен қар-мұз көшкіні маршрутпен келе жатқан альпинистер тобын басып қалған. Кейін нақтыланған мәлімет бойынша, топ құрамында 33 адам болған. Оның 10-ы таудан өздігінен түскен, ал алтауы жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. 

8 қыркүйекте құтқарушылар тағы бір адамның денесін тауып, қаза тапқандар саны 12-ге жетті. Марқұмдардың денелері Ми-8 тікұшағымен «Безенги» альпинистік лагеріне жеткізілген. Ал із-түзсіз жоғалған бес адамды іздеу ауа райының нашарлауына байланысты уақытша тоқтатылды. Жұмысты 9 қыркүйек таңертең қайта жалғастыру жоспарланған. 

Құтқару жұмыстарына тікұшақ тартылған. Алайда күрделі тау бедері мен қар-мұз массасының қайта құлау қаупі іздеу жұмыстарын қиындатып отыр. 8 қыркүйек таңында таудағы қардың бір бөлігі тағы опырылған, бірақ құтқарушылар зардап шекпеген. 

Ресейлік БАҚ мәліметінше, топ спорттық шыңға шығу үшін емес, жоспарлы оқу-жаттығу жиынына барған. Оның құрамында күштік құрылым өкілдері де болған. Росгвардия қаза тапқандар арасында өз қызметкерлерінің бар екенін растаған. 

Оқиғаға байланысты Ресейдің Тергеу комитеті салғырттық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ал Черек ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қар көшкіні