Live

Кәдімгі дәрі ме, әлде контрабанда ма? Грузияда қазақстандық жүргізуші ұсталды

Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын қазақстандық жүргізуші қызметтік дәрі қобдишасындағы дәрі-дәрмекке байланысты Грузияда қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Фото: ЖИ

 Енді оған 9 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Ұсталған азаматтың отбасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне бейнеүндеу жасап, жағдайға араласып, консулдық көмек көрсетуді сұрады.

Германиядан Поти портына дейін

Жүргізушінің жұбайының айтуынша, ол халықаралық рейске 10 наурызда шыққан. Бағыты Германия арқылы транзитпен Грузияға өткен.

Мәселе жүк көлігі Грузияның Поти портына келгеннен кейін басталған. Кедендік тексеру кезінде инспекторлар жүргізушінің жеке заттары мен дәрі қобдишасын қарап шыққан.

Грузия билігінің талабы неде?

Дәрі қобдишасынан сырт көзге қарапайым ауырсынуды басатын дәрі табылған. Алайда грузиялық құқық қорғау органдарының мәліметінше, оның құрамында Грузия заңнамасы бойынша есірткі немесе психотроптық затқа теңестірілетін компонент болған. Осыдан кейін жүргізуші портта бірден қамауға алынған.

Отбасы не сұрайды?

Жүргізушінің жұбайы оның бұрын-соңды жауапкершілікке тартылмаған, көп жылдан бері халықаралық тасымалда жұмыс істейтін заңға бағынатын азамат екенін айтты. Сондай-ақ оның созылмалы ауруы бар және басқа дәрі-дәрмектерді тұрақты қабылдауы қажет екенін жеткізді.

Тергеу органдары істі процессуалдық келісім арқылы аяқтауды ұсынғанымен, отбасының айтуынша, оған қажет қаржы көлемі олардың мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары.

Сондықтан туыстары Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен барлық құқықтық және консулдық тетіктерді пайдаланып, Қазақстан азаматының құқықтарын қорғауға және істің әділ қаралуына жәрдемдесуді сұрап отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Грузия