Калифорнияда АҚШ-тың B-52 стратегиялық бомбалаушысы апатқа ұшырады
АҚШ-тың Калифорния штатында әскери-әуе күштеріне тиесілі B-52 стратегиялық бомбалаушы ұшағы құлап, борттағы сегіз әскери қызметкер қаза тапты. Оқиға бойынша тергеу басталды.
АҚШ Әскери-әуе күштерінің Эдвардс авиабазасы таратқан мәліметке сәйкес, Boeing B-52 Stratofortress 15 маусым күні Лос-Анджелес қаласының солтүстігінде апатқа ұшыраған.
Ұшақ жергілікті уақыт бойынша сағат 11:20-да көкке көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, бортта сегіз экипаж мүшесі болған. Алдын ала бағалау бойынша, апаттың ауыр болғаны соншалық, тірі қалу мүмкіндігі болмаған.
Оқиға орнында құтқарушылар мен төтенше жағдай қызметтері жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір арнайы комиссия апаттың себептерін анықтау үшін тергеу жүргізуде.
B-52 стратегиялық бомбалаушысы АҚШ армиясының ең танымал әрі ең ұзақ уақыт пайдаланылып келе жатқан әскери ұшақтарының бірі саналады.
Ол 1950-жылдары АҚШ пен КСРО арасындағы «қырғи-қабақ соғыс» кезеңінде жасалған. «Стратосфера қамалы» деген атаумен белгілі бұл ұшақ ядролық қару тасымалдауға және алыс қашықтықтағы нысандарға соққы беруге арналған.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, B-52 ұшағы қатысқан соңғы ірі апат 2008 жылы Тынық мұхитындағы Гуам аралы маңында болған. Сол кезде де ұшақ құлап, алты америкалық әскери қызметкер қаза тапқан еді.
Сарапшылар бұл оқиғаны соңғы жылдардағы АҚШ әскери авиациясы үшін ең ауыр апаттардың бірі ретінде бағалап отыр.