Қарағанды маңындағы жол апатынан белгілі футболшы қаза тапты
Қарағанды облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 29 жастағы футболшы, Көкшетаудың «Елімай» клубының ойыншысы және «Скаут» балалар командасының жаттықтырушысы Илья Буртовой көз жұмды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, апат 6 маусым күні Дубовка кенті маңындағы Абай-Қарағанды тас жолының 1-шақырымында болған.
Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, Chevrolet Cobalt көлігін басқарған 21 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Салдарынан ол Opel Vectra автокөлігімен соғысқан.
Жол апаты кезінде Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен оның екі жолаушысы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Ал ауыр халде ауруханаға түскен Илья Буртовой Қарағандыдағы профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға жатқызылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Полиция жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері ретінде жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу және жүргізушілердің салғырттығын атады. Осыған байланысты жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Илья Буртовой футболдағы мансабын 2015 жылы Шахтер-Булат құрамында бастаған. Кейін футзалдан Прогресс командасында ойнап, сондай-ақ FC BIRLIK сапында шағын футболдан әлем чемпионатына қатысқан.
2025 жылы ол Елімай клубының құрамында Қазақстан кубогы мен Бірінші лига жарыстарында өнер көрсеткен болатын.